БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында жазылған мақалада бүгінгі таңдағы Қазақстан халықтары арасында ұлтаралық дұрыс қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуы және дамуы жайлы айталады. этносаралық және конфессияаралық қатынастардың басты тетігі ретінде де күллі әлемге үлгі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекетімізде бейбітшілік пен келісімді сақтап, қазақ жерін мекен еткен 100-ден астам ұлыстың өкілдері Отанымыздың тағдырына қатысты ортақ жауапкешілікті бірге арқалаған біртұтас отбасына айналуына шексіз үлес қосуда.
Қазіргі кезеңдегі негізгі мәселе – ұлтаралық қайшылықтар шешімінің дұрыс әдістері мен тәсілдерін, түрлерін білу қажет. Пікірлер бірлігі мен гуманизм идеясы, жалпы ұлттық мүдде, өзара тиімді шешімді іздеу, трайбализмді, шовенизмді, ұлтшылдықты, космополитизмді жеңу ең бірінші орында болу қажет. Сонда ғана осы жол арқылы қауіп-қатерден сақтанып, өзге ел халықтарымен Қазақстан халықтары арасында ұлтаралық дұрыс қарым-қатынас мәдениеті қалыптасады, әрі қарай дамиды.
Бірлік, татулық исі қазақтың қанында бар қасиет екенін бүгінде әлем мойындап отыр. Бұл ұғымдар Ұлы даланың ұстанымы болып қала бермек.
Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен ұлтаралық бірлік, ішкі және сыртқы саясат мәселелері, соның ішінде ұлтаралық мәдениетті қалыптастыру мен патриоттық тәрбие беру мәселесі бүгінде негізгі орында. Қазақ тарихта тағдыр талайын аз көрмеген халық. Ал ХХІ ғасырда жаһандану дәуірінде Қазақстан «Мәңгілік Ел» болып сақталып, әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарында болу. Бұл — ұлы мақсат.
Егеменді Қазақстанның бүгінгі жағдайында патриотизм, ұлтаралық татулық, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жаңа мағынаға ие болып отыр. Себебі Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір Қазақстан азаматы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болуы, елін қорғауы, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосуы зор міндет.
Бүгінде қоғамдық келісімді сақтау мен нығайту мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты болып отыр. Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан алдындағы намысы, жалпы жауапкершілігі.
Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы, әлеуметтік өмірдегі, экономикадағы, саясаттағы, ғылым мен мәдениеттегі демократиялық өзгерістерінің жарқын келешегі тек бейбітшілк пен ғаламдық қауіпсіздік жағдайында ғана баянды болатындығында жатыр. Стратегиялық бағдарламалармен қатар, маңызды доктриналар қабылдануда. Сондай ақ, Елбасының әрбір Жолдауы бірін бірі толықтырып, сабақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр.
Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен конфессияаралық диалогты ынталандырып отыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып табылады. Республикадығы ұлттар мен ұлыстардың ешқайсысын алаламай, бәрінің де толыққанды дамуына нақты жағдайлар туғызып, көп этносты елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету қазақстандық патриотизмнің туындауына негіз болып отыр.
Ұлтына қарамастан Қазақстанда тұратын әрбір азамат Қазақстанды туған Отаным деп түсінуі, оның қауіпсіздігіне алаңдауы қажет. Сонда ғана адамның жүрегінде қазақстандық патриотизм өзегінің, өз Отанына деген перзенттік мақтаныш сезімнің өркен жайып тамырлануына негіз қаланады.
Біз — қазақ ұлтының патриоттары өзіміздің ұлтымызды сүйетінімізді, әрқандай жағдайда да ұлтымыздың болашағы үшін күресуге дайын екенімізді басқаларға мақтана айтуға тиіспіз. Бұл күресте біз аса білімді және жылдам болуға міндеттіміз. Ана тілінің қадір-қасиетін терең түсінетін, қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін, жаза білетін, тілінің дамуын мақсат тұтатын жанашыр жастар «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген Елбасының пікірлерін қолдайды.
Қазақтың патриотизмі оның жан дүниесінде, тегінде, қанында бар. Тек соны қайта сілкіндіріп, жаңғыртуымыз керек.Елбасы Н. Назарбаев халқымыздың 2050 жылға дейінгі бағыт бағдарын айқындайтын тарихи құжат – «Қазақстан -2050» Стратегиясында жаңа дәуірдің талаптарын ескере отырып, жаңа қазақстандық патриотизмге ерекше мән берді.
«Қазақ баласын ұлтжандылық, отаншылдық сезімде тәрбиелеу, білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен, жоғары оқу орнына дейінгі барлық ұйымдардың міндеті. ХХІ ғасырда өз ұлтын сүйген, бірлікте болған халық қана тұтастығын сақтап қалады», — деп атап кетті Н.Ә.Назарбаев.
Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетіп отыр. Нәтижесінде қазақстандықтардың тарихи сана-сезімі топтасуға, өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс.
Мәдениеттер үнқатысуының теңдессіз еуразиялық үлгісі атанған Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты да тұрақты дамудың ең басты шарты ретінде Қазақстан халқы бірлігінің мызғымас тұғыры бола білді.
Сондай-ақ, этносаралық және конфессияаралық қатынастардың басты тетігі ретінде де күллі әлемге үлгі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекетімізде бейбітшілік пен келісімді сақтап, қазақ жерін мекен еткен 100-ден астам ұлыстың өкілдері Отанымыздың тағдырына қатысты ортақ жауапкешілікті бірге арқалаған біртұтас отбасына айналуына шексіз үлес қосуда. Отанға, туған жерге, өзіміздің ата-бабаларымызға, өзіміздің біртұтас және бөлінбейтін тарихымызға деген сүйіспеншілік бүкіл қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие. Біздің асыл мұратымыз – Тәуелсіздік, бірлік, келісім және өркендеу. Оны Қазақстанның халқы өзі қалыптастырады. Сондықтан да біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз!
Астана қаласында үш жылда бір рет өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі конфессиялар арасындағы өзара қарым қатынасты нығайтудағы келелі бір қадам және Қазақстанның өркениеттердің жаһандық келіссөзіне қосқан қомақты үлесі болды. Елбасының бастамасымен құрылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық келісім үлгісін дәріптеуде, дін мәселелерін зерттеуде дәстүлі съездер жұмыла жұмыс атқарып келеді.
Елбасы «Қазақстан -2050» Стратегиясында айрықша атап өткен қазақстандық патриотизм мен барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі – тұтас стратегияның табысты жүзеге асуының кепілі. Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесіне сай биікке көтерілуі, барлық этнос өкілдерінің оны ұлтты ұйыстырушы негізгі құрал ретінде жүрекпен қабылдап, ниетпен үйренуі, Ата заңымызда атап көрсетілген дін бостандығын есте сақтаумен бірге ел дәстүріне қайшы келетін түрлі ағымдардан сақ болуы, әркімнің өз ұлттық даралығын сақтай отырып, ортақ құндылық – қазақстандық мәдениет, қазақстандық дәстүр мен даралық арқылы бірігуі, түптеп келгенде, стратегияның барлық басымдықтарының түбегейлі орындалуына, сол арқылы стратегияның түпкі мақсаты Мәңгілік ел болуымызға негіз қалайды.
ҚР Президенті Н.Назарбаев бейбітшілік, ұлтаралық татулық, экономикалық даму, дипломатия ұғымдарын басты қағидаға айналдырды. Елбасы саясатының нәтижесінде мемлекетіміз көптеген асулардан асып, қамалдарды бағындырып келеді. Әлемдік жүйеде мұндай эволюциялық жолмен азғана уақыт ішінде қазіргі жағдайға еліміз секілді ешқандай мемлекет жеткен емес. Мұндай жетістіктерге жету үшін тынбай еңбек етіп, тер төгуіміз тиіс. Ішкі саясатта саяси тұрақтылық, экономикалық өрлеу орын алуы тиіс.
«Біздің қоғамның әртүрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, қуатымыз. Барлық азаматтар бірдей құқықты пайдаланып, бірдей жауапкершілікті сезініп, түрлі мүмкіндіктерге де бірдей қол жеткізулері керек», деді Ұлт Көшбасшысы.Оның сөзінше, біздің қоғам тарихи жағдайларға байланысты көптеген тіл мен ұлтқа ие болып, одан да мықты, әрі ынтымақты ел бола түсті. Бүгін бізді «Мәңгілік Ел» құндылықтары біріктіреді. Бұл – азаматтық теңдік, еңбекқорлық, әділдік, ғылым мен білім, төзімділік, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық.
Тұрақтылық бар жерде даму болатыны сөзсіз. Сонымен, тұрақтылық дегеніміз – қоғамның саяси жүйесінің қоғамдық өзгерістерге уақытында жауап беріп, шиеленістерді дер кезінде шеше алу жағдайларын айтамыз.
Сондықтан Қазақстанның түпкі мақсаты саяси тұрақтылық арқылы Мәңгілік Елге қол жеткізу. Осы туралы Н.Назарбаев былай атап өтті: «Біз Жалпы ұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбек қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан — 2050» Стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы».
«Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгідей табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің көпұлтты болуымыз біздің мақтанышымыз деп саяси тұрақтылық пен ынтымақтастықты, ұлтаралық татулықты бірінші кезекке қоятын мемлекет басшысы қоғамдағы тыныштықты сақтауды талап етті. Біздің кейінгі ұрпаққа аманат етер ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы тиіс. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» деген Елбасының айтқан сөздері аса үлкен маңызға ие.
«Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі… Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар…
Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!», деген Н.Ә.Назарбаев ұлы құндылықтар негізіне патриоттық рухты жатқызады.
Жаңа жаһандық үрдістер заманында ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады. Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес.
Бүгінде қоғамдық келісімді сақтау мен нығайту мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты болып отыр. Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі. «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік».
Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады.
Бірлік пен ынтымақтастыққа, елдің дамуы мен өркендеуіне қатысты сүбелі мәселелерді сөз еткен Ұлт Көшбасшысы: «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры тірлікте екенін баршаңыз білесіздер. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздің барша этностары сол шаңыраққа уық болып қадалуы тиіс. Ортақ Отанымыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік етіп, түтінін түзу ұшыру – баршамыздың елдік мақсатымыз. Сонда ғана «Қазақстан — 2050» стратегиясында айтылған әлемдегі үздік 30 елдің қатарына ене аламыз. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Елге айналу. «Саусақ ашса қылдырық, жұмса жұдырық» деген қағиданы көңілге берік түйе отырып, ұлы мақсатқа қарай бірге сапар шегейік, қымбатты отандастар» деді. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірбие жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатындығымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз — бірлікте. Қазақ елінің идеясы – Мәңгілік ел болу идеясы. Ұлы мақсаттар ел мүддесіне қызмет етуі тиіс деген идеяны назарға ала отырып, Мәңгілік ел идеясын ортақ үйіміздегі ұлттық бірліктің, жалпыхалықтық құндылықтардың, тұрақтылықтың, ұлттық қауіпсіздіктің кепілі ретінде қабылдаймыз!
«Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түсті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде. Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр.
Ұлы Дала төсінде татулығымыз тұрақты, ел бірлігі мәңгілік болуы жолында әрбір азамат ішкі саяси тұрақтылық пен татулықты басты ұран етіп, еліміздің болашағы үшін нақты істердің жүзеге асуына өз үлестерін қосуы тиіс.
Ендеше, қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этнос өкілдері бір атаның балаларындай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» бірігіп, көрнекті істің көмілмейтінін, біріге істегеннің берік болатынын көкейге түйе отырып, ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы – еңбекке жұмылуға тиіс. Сонда ғана біз Ұлы Дала жерінде тұратын әрбір азаматтың, әрбір отбасының ұлы Тәуелсіздігіміздің желбіреген көк туының астында елі мен жері үшін атқарған ерен еңбегін мақтан тұтып, бақытты болашаққа беттегенін көреміз.
Таттибекова Д.
«Философия және мәдениеттану» кафедрасының магистранты,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент