Ұстаздар құрметке бөленді
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Ағымдағы жылдың 6 қазанында ұстаздар күніне орай «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты шара ұйымдастырылып, педагогтарға құрмет көрсетілді. Елімізде қазанның алғашқы жексенбісі ұстаздар күні болып белгіленген болатын. Биылда жылдағы дәстүрден қалыс қалмай, Жамбыл облыстық білім басқармасының игі бастамасымен ұстаздардың мәртебесі асқақтап, құшақтары гүлге толды. Облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосқан ұстаздарға «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгілері тағылды. Шығармашылықта жоғарғы жетістіктері бар педагогтерді анықтау мақсатында биыл алғаш рет ұйымдастырылған «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпаздары облыс әкімінің алғыс хатымен және де бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Сондай-ақ, мерекелік жиында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің виртуалды құттықтауы жолданып, қыркүйек айында өткен «Менің ұлағатты ұстазым» атты акциясынан үзінділер көрсетілді.
Айта кетейік, ұстаздардың төл мерекесі күнтізбеде өткен ғасырдан бері бар. Бұған 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз болған. Алғаш рет Дүниежүзілік мұғалімдер күні 1994 жылдың 5 қазанында мереке ретінде тойланды.
Сондықтан ұстазға деген құрмет, мұғалімге деген қамқорлық біз үшін елдік ұстаным, әрі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Қарымды ұстазы мен тағылымды ұланы тең елдің бағы да баянды. Мұғалімнің тынымсыз еңбегінің арқасында мыңдаған ұлтжанды, білімді де білікті жас ортаға қосылары анық. Ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосқан жердегі ең қадірлі орын – мұғалімдікі» десе, атақты педагог Константин Ушинский: «Мұғалімдік – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген дана сөз қалдырған. Расында да қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру – ең ұлы мұрат екендігі белгілі. Бұл орайда оқушы зердесіне сананы дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен – мұғалім.