Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Финляндияның ұлттық павильонын аралап көрді

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен бірге Финляндияның ұлттық павильонын аралап көрді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.  Екі елдің президенттері Финляндияның ұлттық павильонындағы экспозициялармен танысып, «Нұр Әлем» кешенінде орналасқан Қазақстанның көрме павильонын аралап көрді. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары көрме кешенінің Конгресс-орталығында екіжақты келіссөз жүргізді. Нұрсұлтан Назарбаев С.Ниинистёге елімізге сапармен келіп, Финляндия павильонын ашуға қатысқаны үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Біздің қарым-қатынасымыз – үлгі етуге тұрарлық. Біз бірнеше рет түрлі әлемдік басқосуларда жүздестік. Финляндия «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу орнын таңдап, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алу кезінде бізге қолдау білдірді. Қазақстан да халықаралық аренада Финляндияны әрдайым қолдап келеді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, өнеркәсіп, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, білім және медицина сияқты салалардағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтты. С.Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесудің ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды.

– Сіздің екіжақты қарым-қатынас мәселелеріне ғана емес, сонымен бірге жаһандық проблемаларға қатысты пікіріңіз де мен үшін әрдайым маңызды. Қазір бүкіл әлем Қазақстанда өтіп жатқан келіссөздерге көз тігіп отыр. Бұл – Астанадағы Сирияға қатысты келіссөздер, – деді Финляндия Президенті. С.Ниинистё Мемлекет басшысына ұлттық павильонмен танысқаны үшін алғыс айтып, Финляндияға сапармен келуге шақырды.

Ал, осы күні  Финляндия тәуелсіздігінің 100 жылдығына орай ұлттық мереке ЭКСПО аумағында аталып өтті. Бағдарлама таңертең фин музыкалық дарындарының классикадан поп-ритмдерге дейінгі әуендерінен басталды. Сиқыршы аудиторияны мистикалық құпиялар әлеміне жібергенде, танго бишілері wow-әсерге бөледі. Содан кейін көрме келушілері фин павильонында Лапландиядан Астанаға келген нағыз Санта Клаустың (Joulupukki) өзін кезіктірді. Ұлттық күнде өнер көрсететін жұлдыздардың бірі ғажайып фин әншісі, әндерінің авторы әрі актриса, британдық X-Factor 2016 байқауында екінші орынды иемденген және «Мұзды жүрек» мультфильмінің фин нұсқасындағы Анна ханшайымының даусын салған Саара Аалто (Saara Aalto) болмақ. Саараның ғажап шоулары мен айтқысыз сахналық шеберлігі аудиторияны жаулап алды! Бұдан бөлек ЭКСПО-2017 алаңында Финляндияның поп-музыка орындаушысы ретінде аты шыққан Диандра әншісі де өнер көрсетті.  2012 жылда Idols ән байқауында жеңімпаз атанған Diandra әншінің мықты дауысы мен ерекше дарындылығы арқасында жұлдызға айналған. Классикалық музыканы меңгерген ол әртүрлі музыкалық стильдерде ән сала алатынын дәлелдеді. Diandra жұртшылықты өзінің әмбебаптығымен таңғалдырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444