Таразға халықаралық сәнгерлер келеді деп күтілуде

Жамбыл облысының туризм инфрақұрылымын дамыту және аймақтың туристік имиждін қалыптастыру мақсатында қазан айының 8-12 күні аралығында Тараз қаласында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, «Дәмді TARAZ – FOOD TOURISM» фестивалі мен «Aspara Fashion Week» сән апталығы өтеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өткізілетін шараға 18 шет мемлекеттен қонақтар қатысатын болады.  Бұл ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан тарихи өңірді күллі әлемге таныстыруға зор мүмкіндік.

 Құрметті қонақтар арасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Әйелдер комитетінің төрайымы Танзила Нарбаева, сондай-ақ, Италия мен Үндістаннан, Голландия мен Қытайдан, Франция мен Ресейден танымал сәнгерлер болады деп күтілуде. Сән апталығында белгілі сәнгерлердің көрсетілімдерінен басқа, 30 халықаралық дизайнерлердің киімдері ұсынылады және Aspara Fashion Week аясында халықаралық дизайншылар конкурсы өтеді. Аталған конкурста жергілікті дизайнерлерде кішігірім көрсетілімдерге қатысып, конкурстың жеңімпазы атана алады. Төрт күн қатарынан дүркіреп өтетін іс-шара кешкілік сағат 18.00-де басталады деп жоспарланып отыр. Ең алғашқы күні ашылуы салтанатында Париж және Италия дизайнерлерінің киімдері көрсетіледі. Ал екінші күні өзбекстандық 6 дизайнердің өнері халыққа ұсынылады. Үшінші күні көрсетілімді аяқтайтын Италия мен Франция дизайнерлері болмақ. Айта кетерлігі, сән апталығына 3000-ға жуық туристер тартылмақ. Осыған байланысты, қазіргі таңда 8 заңдастырылған такси қызметтерімен меморандумға қол қойып жатыр. Нәтижесінде, келген қонақтар қаланы емін-еркін аралап, тамашалауға мүмкіндігі болады.

Сонымен қатар, төрт күндік бағдарлама барысында «Тараз – Ұлы Жібек жолының қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалі, Төрткөл сарай кешенінде «Қазақ ауылы» көрмесін келушілер тамашалай алады. Мұндай ірі көлемдегі халықаралық іс-шаралардың өткізілуі облысымызға туристерді көптеп тартатын болады. Туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыста туристер легінің өсу динамикасы байқалуда. Облыстық туриизм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың мәліметінен белгілі болғандай, 2018 жылғы қаңтар-маусым қорытындылары бойынша облыста келушілерді орналастырумен шұғылданатын орналастыру орындарының саны 163 бірлікті құрады, ондағы орналастыру орындары саны 1861 бөлме, бұл ретте біржолғы сыйымдылық 3496 төсек-орынды құрайды. Олармен 55233 адамға қызмет ұсынылып, қызмет көрсетілген келушілердің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда есепті кезеңде 8,2%-ға артқан. Есепті кезеңде орналастыру орындарында 760,8 миллион теңге сомасына қызмет көрсетілді, қызметтерінің көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22,6%-ға артты. 2018 жылғы қаңтар-маусым қорытындылары бойынша резидент емес келушілердiң саны 52,9%-ға артты, резиденттер бойынша да 7,2%-ға өсті.

Ежелгі салт-дәстүрлерді жаңғырту мен облыстағы кәдесый өнімдерін өндіруді дамытуды көздейтін, Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан «Шахристан» бұрынғы базарының орнында, жобалық құны 1,5 млрд. теңгелік «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығының құрылысы басталуда. Бүгінгі таңда жобаның эскизі әзірленіп, аумақты құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаны іске асыру қолөнершілер жұмысын ынталандырып, кәдесый өнімдерін өндіру саласы бойынша кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпіліс береді. Сонымен қатар, «Тараз-Туризм» сайтын 4 тілде өзектендіру, туристік маршруттары бар интерактивті туристік картаны әзірлеу, туристік нысандарда QR-коды бар мобильді қосымшаларды дайындау бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда екенін сала басшысы Қ.Аралбекова «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте айтып өтті.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444