СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАРЫНА ЖОЛ БЕРГЕН ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА ТӘРТІПТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАУ ҰСЫНЫЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың төрағалығымен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Саметтің қатысуымен ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі кезекті жиын өтті.
Қылмыстық құқық бұзушылық дерегі қаралған шараның негізгі мақсаты — сыбайлас жемқорлық деректерінің орын алуына жол бермеу және қоғам дертінің туындауына жол берген бірқатар азаматтарға тиісті шара қолдану.
Мәжіліс отырысына Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Жұматаев, облысқа қарасты басқарма басшылары, мемлекеттік-құқықтық бөлімінің және персоналды басқару қызметінің мамандары, сондай-ақ бейнеконференция арқылы қала/аудан әкімдері мен орынбасарлары және аппарат басшылары қатысты.
Жиында Д.Жұматаев Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Т.Ағыбайға және оның қол астындағы қызметкерлерге, сондай-ақ Арыс қаласының тұрғыны А.Жайсанбаеваға қатысты 📘ҚР ҚК-нің 189 бабы 4 бөлігі 2 тармағымен тіркелген қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.
Мұқият тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижесінде, 2018-2020 ж.ж. аралығында аталған бөлім қызметкерлері алдын ала сөз байласып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің 120 593 288 теңге қаржысын 138 қала тұрғынына (туыстары мен таныстарына) негізсіз тағайындағаны және төтенше жағдай мен шектеу шаралары кезеңінде 29 азаматқа (туыстары мен таныстарына) жалпы соммасы 2 900 400 теңгені негізсіз аударғандығы анықталғанын баяндады.
Осыған орай, Департамент тарапынан Арыс қаласының бұрынғы әкімі қазіргі Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбектің және Арыс қаласы әкімінің орынбасары Р.Айтбаевтың тәртіптік жауапкершіліктерін қарау ұсынылды.
Жиын барысында Ұлан Қалмұқанұлы Департамент тарапынан жолданған ұсыныстарды шұғыл хаттамаға енгізуді тапсырып, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен басқа да қала/аудан әкімдеріне әлеуметтік сала қызметкерлеріне қойылатын талапты күшейту және кадр сапасын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444