КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ МЕН ОНЫҢ ОРЫНБАСАРЫНА ТӘРТІПТІК ШАРА ҚАРАУ ҰСЫНЫЛДЫ

Бүгін Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәулет Нарымбетовтің қатысуымен ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі кезекті жиын өтті.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың туындауына жол берген бірқатар азаматтарға тиісті шара қолдануды көздейтін мәжіліс отырысына облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасарлары Еркін Елшібеков пен Мұрат Абдрахманов, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Дархан Аманбай, департаменттің ұжым қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз алған Д.Аманбай бекеттен жүк көліктерін кедергісіз өткізу үшін ақша қаражатын сұрағанын айтып арызданған Т.Рахманбердиевтің арызы негізінде, 2021 жылдың 28 қазан күні облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Қапланбек» кеден бекетінің мамандары О.Сулешевке, М.Тайжановқа және Р.Алимкуловқа қатысты ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі 1,3-тармақтарымен қылмыстық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген.
Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында бас маман О.Сулешевтың Т.Рахманбердиевтен 400 мың теңге пара алғаны құжаттандырылған. Алайда, алған ақша қаражатының арнайы ұнтақпен өңделгенін сезіп қойған.
Бұдан әрі пара алу қылмысын әшкерелейтін арнайы техникалық құралдарды осы кеден бекетінің мамандары М.Тайжанов пен Р.Алимкуловтың көмегімен Т.Рахманбердиевтен күштеп тартып алу арқылы жойып жібергендігін жеткізді.
Тергеп-тексеру нәтижесімен, қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайлар анықталған.
Өз кезегінде «Қапланбек» кеден бекетінің басшылары қарамағындағы қызметкерлермен жасалған қылмыстарға көз жұма қарап, айғақты заттарды қайтаруға ешқандай шара қолданбағанына қарамастан, жыл басында кеден бекетінің басшысы М.Абдразаков пен оның орынбасары Г.Абдуллаев жаңа қызметке көтеріле тағайындалған.
Осыған орай, жиын барысында Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаменті тарапынан Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері М.Абдразаков пен Г.Абдуллаевтың тәртіптік жауапкершілігін қарап, оларды қызметтерінен босату мәселесін қарастыру ұсынылды.
Жиын соңында бүгінгі күні мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыстық Мемлекеттік кірістер кірістер департаменті тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүргізуге және ведомствалық бақылауды күшейтуге мекеме тарапынан айрықша басымдық берілгендігі баяндалып, ұсыным қорытындысы белгіленген мерзім ішінде Департаментке жолданатындығы айтылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444