Бүгін Ахмет Жұбанов дүниеге келген күн

Астана. 29 сәуір. Baq.kz — Осыдан тура 107 жыл бұрын (1906-1968) әйгілі қазақ композиторы, дирижер, музыкатанушы, этнограф, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ЖҰБАНОВ Ахмет Қуанұлы дүниеге келді.  

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. 1929-1932 жылдары — Ленинградтағы М.Глинка атындағы музыка техникумының скрипка сыныбына оқуға қабылданып, кейін Римский-Корсаков атындағы консерваторияда гобой сыныбы бойынша және Ленинград консерваториясының тарихи-теориялық факультетінде қосымша білім алады. 1932-1933 жылдары Ленинград өнертану кадемиясының аспиранты. 1933 жылы Алматы музыка-драма техникумында сабақ беріп, қазақ тілінде алғашқы «музыка әліппесін» құрастырады. А.Жұбановтың жетекшілігімен 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыка-тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы (қазіргі Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі) ашылды. 1934 жылы А.Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды.

1935-1945 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері болды. 1945-1951 жылдары — Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді. 1961-1968 жылдары А.Жұбанов Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімін басқарды.

А.Жұбанов — қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар: «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Абай сюитасы», т.б. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оның «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Москва», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сияқты вокалдық туындылары қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне соны өрнек қосты. Бұдан соң ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» (М.Иванов-Сокольскиймен бірге) пьесасына, «Аманкелді» фильміне музыка жазды, «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Жылқышы», «Лирикалық ән», т.б. әндер шығарды.

Ленин орденімен, т.б. ордендермен, медальдермен марапатталған. Алматы қаласы көшелерінің біріне, Республикалық музыка мектеп-интернатқа А.Жұбанов есімі берілген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444