Ел бірлігі – ең асыл қасиет
Қазақстанның көп ұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Еліміздің еркін өміріндегі бүгінгі табыстарының бәрі де -Тәуелсіздіктің нәтижесі.
Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген этностық сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сүреді, жойылмайды, құбылып өзгермейді. Ол бірнеше ғасыр бойы отаршылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта өркендету, мемлекеттік деңгейде ұлттық идеяның негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды қайтару, осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру және ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұраны игеру сияқты міндеттерді шешуді жүктейді.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәңгілік Ел–ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман –әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып
орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық.
Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық».
«Елімізде жүріп жатқан жаңару үдерісі өткен тарихымызды объективті дұрыс бағалауға, оны мектептің оқу-тәрбие үдерісінде бүгінгі күн талаптарына сай тиімді пайдалануға қолайлы жағдай жасауда. Ата –бабаларымыздың қолымен жасаған мұралары негізінде, тәлім тәрбие барысында жеткіншектерді елжандылыққа, өз халқына деген сүйіспеншілікке, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа, кішіпейілдікке, елінің мүддесін өзінің мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиелеуміндеті басты назарда тұрғандығы белгілі.» Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деді. Н. Назарбаев өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті.
Мәңгілік Ел идеясы біздің халқымыздың ғасырлар бойғы арманы ғана емес, ол- көрегенде көшбасшы Елбасының жетекшілігімен Қазақстанның дамуына негізделген идея. Қазақстан құқықтық тұрғыда рәсімделген және әлемдік қоғамдастықпен мойындалған мемлекеттік шекараға ие болды, ол тұрақты әлеуметтік- экономикалық даму жолына шықты, халықаралық аренада орнықты орынға көтерілді.
«Мәңгілік Ел» идеясында Н.Ә.Назарбаев басты жеті құндылықты атап көрсетті:
«Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Тәуелсіздік дегеніміз – елдің егемендігі, халықтың бостандығы, сана еркіндігі. Елдің аңсарлы азаттығы, елшілдік-ұлттық санасы, тарихымен қоса, рухани құндылықтары, рухы. Бұл бірнеше ғасырлар бойы халықтың армандаған қасиетті ұғымы. Арман болып жеткен тәуелсіздігімізді, ендігі жерде сақтап қалу біздің халқымыздың ең қасиетті борышы.
Екінші құндылық, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Біздің халқымыз – өзгеге қыспақ көрсетпек түгіл көмекке мұқтаж кез-келген ұлттың өкілін бауырына баса білген дана, мейірімді халық. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәттерде бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің дербестігін, тәуелсіздігін сақтап, мемлекеттігін қалпына келтіре алғандығы тарихтан да аян. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз – тату-тәтті ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен көркейіп өсуі. Қасиетті тәуелсіздігімізді – мықтап ұстап тұру.
Ел дегенде, жер дегенде – білегін сыбанып, іске дайын тұратын, еліміздің жарқын болашағы үшін күресе білетін, намысты ұрпағымыз болса, қоғамымыздағы ұлттық бірліктің іргесі шайқалмаса, ұлтымыз өз әдет-ғұрпын, таза тілін сақтаса Мәңгілік ел боламыз, бұл – жеңіске жетуіміздің негізгі кепілі. Міне, біздің басты байлығымыз да – осы. Рухы еркін халық қана кез-келген мәселені шеше алады, әлемдік деңгейде өз орнын таба алады.
Қазақ халқы өзінің тарихи негізгі ұлттық құндылықтарын өзі де танып, өзгеге де танытып, ұлттық тілін құрметтеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелегенде ғана руханияты жоғары, зайырлы қоғам бола алады. Бұл – біздің үшінші құндылығымыз.
Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық, соғыстарға, отарлау езгісіне, әдейі ұйымдастырылған ашаршылық пен босқыншылықтарға, саяси қуғын-сүргіндерге және тағы басқа озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейін негізгі халықтық-ұлттық ділін сақтаған қазақ ұрпақтарының ұлттық рухта тәрбиеленуі – аса зәру мәселе екендігі айқын сезіледі.
ХХІ ғасырдағы тәуелсіздік осы ежелден келе жатқан ұлттық идея мен ұлттық идеологияның маңызын арттыра түсті, ұлттық рухымызды асқақтатты. Мәңгілік ел болу үшін ұлттың рухын асқақтарып, тілін, дінін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін яғни ұлттық құндылықтарын жете зерттеп, насихаттау міндеті тұр. Өйткені, қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – әдебиеті мен мәдениеті, рухы мен тілі. Ал, «Әрбір ұлт – өзінің халқы үшін Ұлы Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде» (Ш.Айматов).
Елбасы төртінші құндылық, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім екендігіне тоқтала отырып, әрбір қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсарып дамыған отыз елдің қатарына қосылудың бірден-бір сара жолын анықтап берді.
Бесінші құндылық, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы Елбасының қазақстандық қоғамның бүгінгі, жаңа замандағы бейнесі деуге болады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың жаңғырту үрдістерінің табыстылығын жүзеге асыратын басты қағидалардың бірі ынталандыру. Адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі. Бұл рейтинг жүйесі. Әркім атқарған еңбегіне орай және көрсеткен нәтижесіне қарай бағалануы заңдылық. Адал еңбек еткен ғана бақытты болмақ.
Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы;
«Өз тарихын, өз философиясын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай да мәдениеттің дамуы мүмкін емес», — дейді көрнекті түркітанушы ғалым Л.Н.Гумилев. Шындығында, өз елінің тарихын, философиясын білу, ұлттық құндылықтарын зерттеу, солар арқылы ұлттық идеологияны қалыптастыру, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, оны ұрпақ санасына сіңіру елдің, ердің басты мұраты. Еліміздің сан ғасырлық дәстүрін, ата-баба салтын, әдебиеті мен өнерін өзінің бар болмысымен сақтай отырып, оларды әлемдік өркениет өрісіне қарай өрістете отырып, мәңгілік ел болу идеясын ұсынды. «Ана тілі –бәріміздің анамыз, өйткені, ол-ұлтымыздың анасы». «Толыққанды тілсіз – толыққанды ұлт болуы мүмкін емес». Ана тіліміз – біздің бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де мәңгіліктің тілі. Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жариялаған Жолдауында айқын атап көрсеткеніндей: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз». Түпкі мұрат – тәуелсіз елімізді Мәңгілік Ел ету.
Жетінші құндылық, бұл-еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Қазақстан егемен ел ретінде дамудың алғашқы күндерінен бастап жаһандық деңгейде де, өңірлік деңгейде де жауапты саясат жүргізіп келеді. Қазақстанның барлық бастамалары, Президентіміз ұйытқы болған бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты. Еліміз өзінің шешімдерімен және белсенді қызметімен жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке орасан зор үлес қосты. Оны қару-жарақты еселеп көбейту және басқа елдерге қатер төндіру есебінен емес, ашықтық, тең құқықты әлемдік ынтымақтастық, жасампаздық және басқа елдермен сындарлы үнқатысу орнату арқылы айғақтауда.
«Мәңгілік Ел» жалпы Қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі арманы болатын.
Міне, осы тұрғыдан келгенде, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан халқын біріктіретін, елдің басты мақсатынан шығатын және соған толық жауап беретін идея болады деп ойлаймын.
Сакова Гүлназира Жалилханқызы — М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының жоғары білікті маманы
Бажак Назира Пернешқызы — М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының жоғары білікті маманы