«МӘҢГІЛІК ЕЛ – ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ ӨТКЕНІМІЗ БЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫМЫЗ

«Ұлы Дала Елі», «Қазақ Елі», «Мәңгілік Ел» деген киелі ұғымдар талайлы тарихында басынан қилы қиындықты өткерген қазақ халқының бұрыны мен бүгінінен хабар беріп тұрғандай. Әрбір саналы адамның еркіндікті, бостандықты аңсайтыны және қажет болса сол үшін күресетіні — табиғи нәрсе болып келеді. Еркіндік, теңдік, тәуелсіздік – әрбір халықтың асыл арманы. Оған кейбір халықтар ұзақ жылдарға созылған күрес арқылы жетсе, ал кейбір халықтар қоғамдық келісім арқылы жеткенін тарих беттерінен көріп отырмыз. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең маңыздысы –қол жеткен Тәуелсіздікті сақтап қалу, оның жеңісін баянды ету.

Адамзат басып өткен тарих жолдарынан қаншама мемлекеттердің пайда болып, жойылып кеткенін жақсы білеміз. Сондықтан алға қойылған ұлы мұраттарға жету үшін ел ішінде алауыздықты болдырмау, ел бірлігін сақтау қажет. Ал ол үшін бүкіл халқымызды ұлы мұраттарға жетелейтін, бағыт-бағдар беретін, әрқашан алға қарай оңды істерге жұмылдыратын біртұтас идея – ұлттық идеология қажет.

«Мәңгілік Ел» идея­сы ежелгі түркілердің өз заманында туған үш тұғырдан, яғни үш негізден тұрады. Бұл үш негіз бір-бірімен тығыз байланысты, бір заманның жемісі және өзіне дейінгі бабалар мұратымен жалғаса отырып, кейінгі ұрпақтарының құрған мемлекетшілдік идеяларымен сабақтасады. Бұлардың бәрінің ­бастауында орта ғасыр дəуіріндегі түркілердің өркениеті тұр.Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі саяси тұжырымдар, Əбу Насыр əл-Фараби­дің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» және тағы басқа əйгілі туындылардың ой-идеялары – «Құтты білік» дастанындағы аналогиялық толғам, философиялық түйіндер, саяси-әлеуметтік болжамдар бір мəдениеттің, бір өркениеттің, заман мен əлеуметтік жағдай ғана емес, біртектес ел-жұрт тіршілігі тұтастырған бір дүниетанымның жемістері. Тарихи кезең мен мемлекетшілдік сипаттарын білдіретін ұғымдар Күлтегін жырларында да, әл-Фарабидің философиялық шығармаларында да және Жүсіп Баласағұн дастанында да бірдей кездесіп отырады.

Еуразияның  ұлы даласын ертеден мекен етіп мал өсіріп, жан бағып жүрген түркі тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық топқа жіктеліп, қазақтың халық болып қалыптасуы нәтижесінде XV ғасырдың орта шенінде қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Ақ Орданың акырғы ханы Барақтың балалары Керей мен Жәнібек хан болды. Олар асқан ақылды, салихалы саясат жүргізіп, хандықтың алғашқы туын тіккен Жетісу, Шу, Талас алқаптарындагы қазақтардың басын қосып олардың ел болып еңсемізді көтерсек деген тілегін іске асыруға белсене кірісті. Қазақ халқының маңдайына біткен, көреген де көсем, даналығымен көзге түскен хандары Керей мен Жәнібек олардың ел билеген дәстүрін мұра еткен Қасым хан өздерінің шебер саясатшы екенін таяудағы, тіпті алыстағы елдермен елшілік қатынас, келіссөздерде анық көрсетті. Орта Азия хандарымен Еділ бойындағы елдермен, батыс Сібір хандығы, орыс мемлекетімен сауда-саттық, достық-тату қарым-қатынас орнатып, әр тұста елдің ішкі-сыртқы жағдайындағы өзгерістерге байланысты үйлесімді, икемді, көреген саясат жүргізіп отырды. Казақ хандығының орталығы Сырдария бойындағы Сығанақ болып келсе, ол кейін Түркістанға ауысып, ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда екі жүз жыл бойы елдің астанасы Түркістан қаласы болды. Осындағы Ақ сарай хан сарайы қызметін атқарып, елдің аса маңызды мәселелері сонда шешілді. 1523 жылы Қасым хан қайтыс болғаннан кейін хан тағына Мамыш, Тайыр, Бұйдаш, Ахмет, Тогым сиякты Қасымның туыстары бір-екі жылдан отырып шықты. Бірақ олар хандықтын саяси-әлеуметтік өмірінде елеулі із қалдырған жоқ. 1532 жылы қазақ хандығының тағына Ақназар отырды. 42 жыл бойы елге билік жүргізген ол түркі тектес ру-тайпалардың басын қосып ноғай ордасын, қырғыз ағайындарды қол астына алды. Орта Азиядағы елдермен достық қарым-қатынас орнатып, біртектес халықтардың аралас-құралас, тату-тәтті өмір сүруіне қол жеткізді. Ақназардың түсында дәуірлеп, барған сайын күшейіп келе жатқан қазақ хандығын көре Ташкенттің әміршісі Баба сұлтан Ақназарды жансыздары арқылы у беріп өлтірді.

Ұлттық тілдің, жазба дәстүрдің болуы халықтың мәдениетінің, өркениеттің дамуындағы алғы шарттардың бірі. Тіл әрбір халықтың ерте кездерден бергі өніп-өсуінің, дамуының, бүкіл болмысының құдіретті көрінісі. Тілдегі әрбір сөздің аржағында сол халықтың тіршілік-тынысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, басынан өткен қилы-килы заманның белгісі, тарихы түрады. Тіл кез келген халықтың бүгінгі болмысын, арманын, алдағысын, кешегісін, келешегін бейнелейді. Сондықтан оның қалыптасуы ұзақ уақытты, бірнеше ғасырларды, тіпті мың жылдықтарды алып жатады. Қазақ тілі де солай дамыды. Ол Еуразия құрлығының керіліп жатқан кең даласын мекендеген қыпшақ, каңлы, үйсін, арғын, алшын, керей, дулат, қоңырат, найман сиякты тегі бір, түбі туыс ру тайпалардың тілдері арқылы қалыптасып, уақыт сынына төтеп берді.  Қазақ халқының рухани өмірінде айқын із қалдырған тарихи жазба ескерткіштердің бірі «Қазақ хандарының рәсімдері» деген қолжазба. Ыстамбул қаласындагы Сүлеймен кануни кітапханасының қорында сақтаулы тұрған бұл қолжазбада Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты заңдар мен тұрмыс тіршілік ережелері топтастырылған. Қазақтың жазба мәдениеті туралы сөз еткенде қазақтардың ірі ру тайпаларының ертеден келе жатқан өзіндік тілдері және жазба мәдениеті болған. Ислам дінін қабылдағаннан кейін қазақ халқының жазба мәдениеті араб әліппесімен байланысты болды. ХVІ-ХVII ғасырларда қазақ хандығының астанасы Түркістанда, басқа шаһарлар мен кенттерде араб жазуы кеңінен қолданылды. Оны таратуда қазақ жеріндегі қалаларда жұмыс істеп тұрған медресе, мектеп, мешіттер елеулі еңбек сіңірді.

Қазақ халқының рухани мәдениетінің бастаулары тереңде жатыр. Оны Түрік қағанаты дәуіріндегі түркі халықтарының ортақ мәдениетінен айтуға болады. Әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ және де кең ауқымды адамдар тобының санасы мен жүрегін жаулап алуда ешбір идея тиімділігі жағынан ұлттық идеямен теңдесе алмайтыны анық.Ұлттық идея — ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды.

Ұлтымыздың ұлы тұлғасының бірі –Әлихан Бөкейхан «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді» — деп арман еткен ер тұлға бүгін Елбасымыздың әр ісінен көрініс тапқандай. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының тарихи жалғасы – бүгінгі өркениетті Қазақстан. Еліміздің өзіндік стратегиясы қалыптасқан, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан орын алуы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі мен көреген саясатының жемісі. 1991 жылдың 17 желтоқсанында Елбасының «Кең – байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді.Не істесек те ақылмен істейік,арзан ұранға ермейік,ұшпа сезімге ерік бермейік.Әсіресе, жастар салқынқандылықтан,үлкенді сыйлаудан,сөзге тоқтаудан айнымаса,қашанда достыққа адал болса,бауырмал,кеңпейіл болса,халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік» — дегенінің өзінде елбасының көрегенділігімен Қазақстанның жарқын болашағына деген үлкен сенімі мен серпіліс берер салиқалы ойы ұштасып жатқаны бүгінде ақиқатқа айналды.Содан бері жиырма бес  жыл уақыт ішінде қаншама жаңашыл бағдарламалар мен жолдауларын арнап мемлекетіміздің өркендеуі мен өсуіне ықпал ететін тиімді даму жолдарын нақты көрсетіп берді.

Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ілігуі, яғни «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз қадам басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Алтын Күн шуағын шашқан Көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130 дан астам этнос  өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүруде.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді», — дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсетті.

Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымызға бастайтын жол.

Баймаханов Нұрбек Бақтиярұлы — М Әуезов атындағы  ОҚМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының жоғары білікті маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444