МАУРИ ПЕККАРИНЕН ЭКСПО ТУРАЛЫ ОЙЫН АЙТТЫ
Мәжілісте Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Финляндия Парламенті төрағасының бірінші орынбасары Маури Пеккариненмен кездескен болатын. Тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екендігін оған мемлекет басшыларының достық қатынастары игі ықпал ететінін тілге тиек етті. Н.Нығматулин мен М.Пеккаринен парламентаралық өзара байланыстарды өркендету мәселесін де қозғады. Финляндия Парламенті төрағасының бірінші орынбасары Маури Пеккаринен Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі жайында өз пікірін білдірді. Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өтіп жатқанына тоқталды. Аталмыш көрмеде Фин мемлекетінің де павильонының ашылғанына қуанышты екенін білдірді. Әрі осы көрме арқылы Қазақстанның әлем алдындағы абыройы көтеріле түсетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар М.Пеккаринен «жасыл технологияны» дамыту – дүниежүзінің алдында тұрған өзекті мәселе екендігін де атап өтті. «Бұл тек бір немесе бірнеше мемлекеттердің өзекті мәселесі ғана емес, бұл жаһандық мәселе»,- деді ол.
Маури Пеккаринен Ел ордамыз Астана қаласында «Инновациялар экономикасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбымен өтіп жатқан Халықаралық парламенттік конференцияға қатысты.
Қазақстан-фин серіктестіктерінің келешекте де кеңейе беруіне жақында ғана елімізге келіп кеткен Финляндия Президенті Саули Ниинистенің іс сапарының нәтижесіне де байланысты.
Айта кетейік, Финляндия президенті С.Ниинистёнің өзі елімізге сапармен келіп, Финляндия павильонын ашуға қатысқан болатын.
– Біздің қарым-қатынасымыз – үлгі етуге тұрарлық. Біз бірнеше рет түрлі әлемдік басқосуларда жүздестік. Финляндия «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу орнын таңдап, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алу кезінде бізге қолдау білдірді. Қазақстан да халықаралық аренада Финляндияны әрдайым қолдап келеді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, өнеркәсіп, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, білім және медицина сияқты салалардағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтты. С.Ниинистё Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесудің ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды.