Ұлыбритания павильоны қазақтың киіз үйіне ұқсас пішін жасады
«Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында Ұлыбритания павильоны келушілерге есігін ашты. Оны басқаруға келген британдық корольдік отбасының мүшесі, Глостерлік герцог, ханзада Ричард арнайы келген екен. Ұлттық күн сахнасында өтіп жатқан шарада сөз алған ол: «ЭКСПО көрмесінде еліміздің жобаларын көрсетуге мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Әлемнің ең жасампаз мемлекеттерінің бірі ретінде көрме қонақтарын таңқалдырып, қызықты жобаларымызбен қуантамыз деп сенеміз», – деді. Сондай-ақ Корольдік өкілінің айтуынша, Ұлыбритания қайта жаңғыртылатын энергия көздеріне инвестициялар құю үшін таптырмас мекен. Ал елдегі мұнай-газ саласындағы технологиялардың дүниежүзінде баламасы жоқ. Осы орайда Ұлыбританияның Қазақстанмен ұзақмерзімді әріптестік орнатуға мүдделі екендігін жеткізді Ханзада Ричард. Өзінің инновациялық мәдениетімен таныстыруға келіп отырған Ұлыбритания павильонының тақырыбы жалпы көрменің ұстанған бағытымен үндес. Британдықтар «Энергия – ол біз» деген ұранмен өздерінің энергия және тау-кен саласындағы ғылыми және инженерлік тәжірибесімен бөлісіп, жұмыстарымен таныстырады. Мұнда келушілер көрменің ортасына қарай қараңғы дәлізбен өтеді. Аумағы 17 метр, 40 мың пиксельді панорамалық экранда айналадағы табиғи әлем көрсетілген. Бұл графика 8 мың компьютермен жасалған. Егер жақындап қарайтын болсаңыз, ағаштардағы жапырақтардың қозғалатынын байқауға болады. Панораманың ішінде қазақтың киіз үйінің сәулетімен жасалған шыны құрылым бар. 200-ге жуық уық тектес поликарбонатқа қолды тигізсе, сол сәтте-ақ жарық жанып, дыбыс пайда болады. Айналадағы панорамадағы бейне күннен түнге, күннен түнге біртіндеп ауысады. Осылайша, авторлар табиғатқа энергияны адам сыйлайтынын жеткізгісі келген.
Жалпы мәдени шара ел энергиясының әр алуандығы тақырыбында өтті. Мұнда шотландиялық саз аспабы — волынкада әуендер әуелеп, Манчестер Университетінің физика департаменті әзірлеген технологиялық шоу ұйымдастырылды. Шара барысында сөз алған ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму деңгейін саралап, салт-дәстүріміздің ұқсас тұстарын атап өтті. Ерлан Қайыров, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары: — Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Еліміздің студенттері Ұлыбританияда білім алып жатыр. Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында британдық мектептер тұрақты жұмыс істеп тұр. Біз де ағылшындар сияқты шай ішкенді жақсы көреміз. Британиялық әдебиет қашан да жоғары сұранысқа ие. Әлемде Шекспирді оқымаған адам, Гарри Поттерді білмейтін бала жоқ шығар.
Александр Ричард, Ұлыбритания Корольдігінің ханзадасы: — Орталық Азия аумағында алғаш рет ұйымдастырылған ЭКСПО көрмесіне қатысқаныма қуаныштымын. Тұңғыш көрменің 1851 жылы Ұлыбританияда өткені белгілі. Оның негізін қалаған менің арғы атам Ханзада Альберт болатын. Ол кездегі шараға 6 миллионға жуық адам қатысты. Алғашқы көрмеде факс-техникасы сияқты инновациялар таныстырылған болатын. — деді.