ЭКСПО-2017 көрмесі Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамытуға атсалысады

Түркияның Экономика министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері Астана EXPO-2017 көрмесіндегі ұлттық павильонын таныстырды. Экспозиция ұраны – «Түркия – энергия орталығы» деп аталады. Түркия павильонының жалпы аумағы 1000 шаршы метр. Оның жанында Тайланд, Иордания және Әзербайжан павильондары орналасқан. «Түркия өткен жылдың 5 тамызында көрмеге қатысатындығы туралы ресми түрде жария етті. Тақырыптық тұжырымдамасы «Түркияның энергетика жолындағы Ғаламдық өзара әрекеттестік» деп аталады. Экспозиция ұраны «Түркия – энергия орталығы». Ол мемлекетіміздің болашаққа сеніммен қарайтын және бейбітшілікті таңдайтын ел екенін паш етеді», — деді Түркия комиссары, елдің экономика министрінің орынбасары Тарык Сонмез. Түркияның экономика вице-министрі Фатих Метиннің айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында сауда және коммерциялық делегациялар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамытуға атсалысады.

«Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы – Болашақ энергиясы. Осы тақырыпқа сай үш: Түркия – энергия орталығы, Жаһандық синергия, позитивті энергия  — таза энергия  тұжырымдамамен өз павильонымызды таныстырамыз. Түркия – өзінің географиялық ерекшелігі бойынша дүниежүзінің энергия тұжырымдары жинақталған ел. Сондықтан да біздің еліміздің павильонына келушілер энергияның бірнеше түрін және еліміздің түрлі мүмкіндігін көре алады. Мұндай шараны өткізудің маңызы жоғары екенін білеміз. Сол себепті көп күш жұмсадық. Үш ай ішінде Түркиядан бірнеше делегация келеді. Олардың арасында жоғары лауазымды шенеуніктер бар. Тағы сауда және коммерциялық делегациялар да екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамытуға барын салады», — деді ол.

Көрмедегі логотип композициясының негізі – энергия көзі күн. Оғыз тайпаларының таңбасы да жаратылыс кіндігі ретінде күнді ерекше әспеттейді. Анадолы күнінің белгісі – күнбағыс. Көк төсіндегі алтын күнге ұқсайтын бұл өсімдік таза энергия символы болып саналады. Түркия EXPO көрмелеріне 34 рет қатысқан тәжірибелі ел. 1951 жылы Лондонда өткен алғашқы EXPO-ға да қатысқан. 2016 жылы тұңғыш рет өз елінде дүниежүзілік деңгейдегі аса ауқымды шара – «World Botanic EXPO-2016» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізді. «Балалар мен гүлдер» ұранымен өткен көрме жұртшылық қызығушылығына ие болды. Төрт ай ішінде көрмені 4,5 млн-нан астам адам тамашалаған.  Кейбір күндері көрмеге 70 мыңнан астам адам келген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444