ЭКСПО-2017. Шетелдіктердің көзімен

ЭКСПО-2017 көрмесі экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосып отырған Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттырады. Бұл «Бритиш Экспертиз Интернешнл» компаниясының директоры Найджл Питерстің пікірі. Ол басшылық ететін мекеме экспорттаушылар арасында жетекші сауда қауымдастығы ретінде танымал. Найджел Питерс, British Expertise International директоры:  — Тарихи тұрғыдан алып қарағанда біз Қазақстанды мұнай және газға бай мемлекет ретінде танимыз. Бірақ сіздердің басқа да мүмкіндіктеріңіз зор. Әсіресе баламалы энергия саласында. Біріккен Корольдіктің павильоны ірілігімен де, мазмұндылығымен де алдыңғы қатарда тұрғандардың бірі екендігімен қуантады. Президент Назарбаев – болашақ туралы ойлайтын адам. Ол Қазақстанға алдағы 10 жылда не керек екенін жақсы біледі. Бұл шара елдің дамуына үлкен пайда әкелетіндігіне сенімім зор.
Күллі әлем көз тіккен Астанадағы ауқымды шара әлем елдерінің ең үздік баламалы энергия саласындағы жетістіктерін паш етті. Бұл туралы Еуропарламенттің депутаты, Еуропарламенттің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегация басшысы Ивета Григуле мәлімдеді. Депутат көрмені өз көзімен көру үшін Қазақстанға арнайы ат басын бұруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ивета Григуле, Еуропарламент депутаты: — Экспо көрмесі тәжірибе алмасып қана қоймай, экономикамызға оң әсер ететін бірегей алаң. Бұл шараның ең әуелі Қазақстанға берер пайдасы мол. Себебі сіздерге әлемнің ең үздік технологияларын әкелді. Мен үшін энергия саласының орны бөлек. Энергиясыз біз өмір сүре алмайтынымыз анық. Сол себепті де мен міндетті түрде Астанаға кезекті рет ат басын бұруға бел буып отырмын.

Париждің символы «Эйфель мұнарасы» десек, брюссельдіктер «Атомиум» ғимаратын мақтан тұтады. Сол сияқты «Нұр Әлем» сферасы да қазақ елінің мақтанышы болары сөзсіз. Өйткені мұндай аты әлемге әйгілі нысанды көру үшін жер жаһанның түпкір түпкірінен мыңдаған турист келеді. Энергетикалық хартияның бас хатшысы Урбан Руснак өз ойын бөлісті. Ол Астанаға ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалау үшін  арнайы келген. Урбан Руснак, Энергетикалық хартияның бас хатшысы:  — Көрнекті көрмеде барлығы жақсы ойластырылған. Тіпті әрбір тетігіне дейін. Мен өз басым тура ғарышта жүргендей болдым. «Нұр Әлем» сферасының кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр қабаттағы экспонаттар бүге-шүгесіне дейін ойластырылып қойылған. Бұл нысан болашақ ұрпаққа мұра боп қалары сөзсіз. Мұнда әлі талай халықаралық маңызы зор шаралар өтіп, қазақстандықтарға әлі ұзақ жылдар бойы қызмет етері анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444