ШЫМКЕНТ: ЕЛТАЙ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ЖАУЫННАН КЕЙІНГІ ҚАУІП СЕЙІЛДІ
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кеше кешке қатты жауған жауынның салдарынан су басқан Елтай тұрғын алабына арнайы барды. Су шайған жерлерді аралап көрген қала әкімі тез арада осы салаға жауапты орынбасарының төрағалығымен тасқын зардаптарын жою және алдын алу жұмыстары жөнінде арнайы комиссия құруды тапсырды.
Мамандардың пікіріне сүйене алдағы үш күнде толассыз жауын-шашынның болатынын айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы, табиғаттың тосын мінез танытуына қарсы шаралар мейлінше күшейтілуін қатаң бақылауға алуды міндеттеді. Сонымен қатар әкім жауыннан келетін қауіпті алдын-ала болжай алмаған жауапты лауазымды азаматтарға тиісті шара көрілетінін мәлім етті.
Айта кетейік, кеше сағат 19.14-те Шымкент қаласы Еңбекші ауданы, Елтай елді мекеніне қатты нөсер салдарынан Түркістан облысы Төлеби ауданынан секундына 3-5 текше метр су келген. Судың деңгейі 20-50 см құрапты. Көп мөлшерде келген судан арық арнасынан асып, соның салдарынан тұрғын үйлердің аулаларын су басқан. Жалпы 60 тұрғын үй аулаларын су басты және 3 шаруашылық құрылысы қирады. 150 адам №119, №41 мектептерде құрылған эвакуациялық пункттерге көшірілген. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қаласы ТЖ департаментінің 57 қызметкері, 14 техника мен МП-100 маркалы 14 мотопомпа жұмылдырылып отыр.
Қазіргі таңда қауіпсіздікті сақтау мақсатында құзырлы мекемелер тарапынан қажетті көмек көрсетілуде. Жағдай тұрақты бақылауда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі