Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек
Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Агр оөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту» — деп атап өтті. Міне, Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруды мақсат еткен Мойынқұм ауданы әкімі Мәден Мұсаев қызметке алғаш кіріскен күнінен бастап аудандағы ауыл шаруашылығы мәселесін мықтап қолға алды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ерекше тапсырмасына орай аудандағы кенжелеп қалған суармалы егістікті қайта жандандыруды басты мақсат етіп отыр. Бұл үшін аудан әкімдігі жанынан аудандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі комиссия құрылды.
Аудан әкімінің осы сала бойынша орынбасары Бақытжан Қалымбетов басқаратын бұл комиссияның құрамына кезінде шаруашылық басқарған, агроном, гидротехник, басқа да егістік алқаптарында қызмет жасаған тәжірибелі 16 азамат енгізілді. Олардың қай-қайсысы болса да ауданда егін егіп, мол өнімге қол жеткізуге байланысты өз пікірлерін айтып, елді ұйымдастыра алатын азаматтар.
— Аудандағы суармалы егістік алқабын барынша пайдаланып, жоғары өнімге қалай қол жеткізуге болады? Ол үшін не істеу керек? Неден бастаймыз? Аудан басшысы ретінде менің осы салада дұрыс шешім қабылдауыма ақыл-кеңестеріңізді айтып отырыңыздар,- деді аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы.
— Ел Тәуелсіздігін алғанға дейін осы ауданда 16670 гектар суармалы жер болды. Осы жерден 19 мың тоннаға дейін таза жүгері алғанымыз есімде. Ол кезде әр шаруашылықтағы 40-50 техника үлкен күш еді. Міне содан бүгінде ауданда 8 мың гектар жер қалды. Жер жеке азаматтардың қолына өткелі дұрыс игерілмей отыр. Оның басты себебі – су кеш келеді, жетпей жатады, диқандарда техника жоқ. Оның үстіне еркіндік болды. Кейінгі 10 жылда ел егістіктен күдер үзді.
-Егін болмаса мал да болмайды. Шаруа қожалықтарын тәртіпке шақырып, жұмыс істету керек. Бұл жұмыс алғашқы жылы қиын болады. Алайда келе-келе ретке келеді. Ал бүгінгі комиссия мүшелері аудан әкімінің бүгінгі тірлігіне ризашылығымызды білдіре отырып, өз көмегімізді беретін боламыз,- деді еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Төлеген Әбдікерімов.
— Егістікке деген елдің сенімі кетіп қалғаны рас. Әйтпесе біздің Амангелді ауылының өзі кезінде 2000 гектарға жуық жүгері егіп, одан көл-көсір өнім алған еді. Ауылымыздың тары егуден аты шыққан. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарға ауыл халқы ризашылық білдіруде. Каналымыз тазаланды. Су уақытылы берілсе, бәрі болады. Халықты ұйымдастырамыз,- деді көкжелектік қария Әскербек Нұрмайылов.
— Атқарылып жатқан жұмысқа ел риза болып жатыр, — деді бірліктік «Байрам» шаруа қожалығының жетекшісі Қасым Байрамов,- Аудан әкімі қаншама техника әкеліп, жұмыс істетуде. Тың жатқан жерлерді К-700 тракторлары жыртып жатқанын көріп, қуанып қалдық. Мен 2000 жылдан бері жермен айналысамын. Бұл жұмыстарымды алда да жалғастыра беретін боламын.
Бұдан кейін еңбек ардагерлері Н.Есілбаев, О.Нұрлыбаев, Б.Қозиев, Ғ.Қашқымбеков, Қ.Несіпбаевтар сөз алып, аудандағы атқарылып жатқан игілікті істерге оң бағасын беріп, егін егіп, баптауға байланысты өз ұсыныстарын да айтты.
Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Мәден Мұсаев сүдігер жыртумен бірге, тұқым дайындау, егін егетін сеялка, егін жинайтын комбайндар алу мәселесінде көтерді. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мәселесі де айтылмай қалмады. Бұл ретте округ әкімдеріне нақты тапсырмалар да берілді. Суды уақытында беріп, оны қадағалап отыратын арнайы мамандар болатыны да сөз болды. Міне осылайша көптің пікірімен санаса отырып, ауданда суармалы егістікке байланысты жұмыстар қызу жүргізілуде.