Ауыл шаруашылығы жұмыскерлері ең жоғарғы құрмет пен қошеметке лайық

Ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің кәсіби шеберлігі, табандылығы мен өз ісіне деген адалдығы ең жоғарғы құрмет пен қошеметке лайық. Олардың барлығы жылдың төрт мезгілінде тынбай еңбек етеді. Берекесі мен бірлігі біте қайнасқан еңселі ауданның бүгінгі тірлігі де жарасымды. Соның бірі Т.Рысқұлов ауданында үдемелі алма мен жидек ағаштарын инвестициялық жобалар арқылы отырғызуда. 2018 жылы «СПК Тараз» ЖШС-і «АрноАгро» ЖШС мен бірлесіп, «1000 гектарға интенсивті алма бақ» отырғызу жобасын іске асыруда. Жоба құны 79,0 млн. АҚШ долларын құрайды. Жобаны іске асыру барысында болашақта екі жарым мыңға жуық адам жұмысқа тартылады.

Бүгінгі күні алқапқа қажетті минералды тыңайтқыштар сіңіріліп, айналасы қоршалып, жүз гектар шие ағаштары егілсе, Теренөзек ауылдық округінде «КазАлма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елу гектар алқапқа үдемелі алма бағын интенсивті бағытта отырғызды.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздейтін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жеті ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ет және сүт өндіру бағытында құрылып, 217 ауыл тұрғыны өздерін жұмыспен қамтып, шаруаларын жүргізіп отыр. Ауданда мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамуда. Мал басы сандық және сапасы жағынан да даму үстінде. Мал басын асылдандыру, сапалы ет, сүт, жүн өндіру бағытында тиянақты жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы 2017 жылмен салыстырғанда төрт түлік малдың басы орташа есеппен 104,5 пайызға артып отыр. Бұған бірден-бір себеп мал тұқымын асылдандыру, асыл тұқымды мал сатып алу, ет және сүт өнімдерін өндіргені, мал өнімдерін экспорттағаны үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияның өз септігін тигізіп отырғаны белгілі. Нәтижесінде, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы облыстағы он ауданның ішінен біздің ауданды үздіктердің үштігіне енгізіп, арнайы кубок пен мақтау қағазын табыс етті. Агросекторды дамытуға басым бағыт беріліп отырған шақта шаруаларға жүктелер міндет те зор. Заманауи жаңа технология мүмкіндіктерін мол пайдалануға терең білім және өлшеусіз еңбек, жаңаша көзқарас қажет. Әрбір шаруа жайын күйттеген жан заман көшінен қалмаудың амал-тәсілдерін қарастырып, шаруасын шалқыта беруі тиіс. Осындай жауапкершілігі мол еңбектеріңізге мол табыс пен жетістіктер тілейміз.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444