Тараздық оқушылар полицейлердің бір күндік жұмысымен танысты
Тараздағы білім ошақтарында «Мен және менің полицейім» атты акция өтуде. Онда оқушылар бір күнін тәртіп сақшыларымен бірге өткізеді. Акцияның мақсаты – балалар мен ересектерді полицияның жұмысымен таныстырып, оң имиджін қалыптастыру болды. Сондай-ақ оқушыларды қоғамдық орындардағы жол жүру ережелерімен таныстыру. Әкімшілік полиция комитеті ұйымдастырған шарада балаларға жолда жүру ережелері таныстырылды. Сондай-ақ, оқушылар Жамбыл станциясы желілік полиция бөлімінің жұмысын өз көзімен көрді. Теміржол тораптарындағы қарапайым ережелермен танысып, ереже бұзғандарға ауызша ескерту жасауды үйренді. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, қалалық жерлерде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір көп. Оның ішіндегі жас балалардың апатқа жиі ұшырайтыны: жастай өмірмен қоштасып, орны толмас өкінішке әкелетіні немесе ауыр жарақат алып, кейбірі өмірлік мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның себептері: көптеген оқушылар жолда жүру ережесін сақтай білмеуінде. Олар көбіне ереже талабын бұзып, асығыстық жасап, жүгіріп өтуге ұмтылады. Асыға жолға жүгіріп шыққан баланың қауіпке ұшырайтыны, өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қатер төндіретіні баршаңызға мәлім. Осындай оқиғаларды болдырмас үшін мектепте мұғалім, үйде ата-ана балаға үнемі жолда жүру ережесін ескертіп отыруы міндетті. Әдетте кез келген ата-ана балаларды мектепке шығарып саларда «жолдан жүгіріп өтуші болма, машина қағып кетеді» деген ескертуден аса алмайды. Бұл — әрине, жеткіліксіз.Ал, бүгінгі өткізілген игі шараның оқушылардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына және балаларды жол апатынан сақтандыруда маңызы зор. «Орта мектеп оқушыларымен және Тараз қаласының теміржол колледжінің студенттерімен бірлесіп, лекция өткізіп, бейнероликтер көрсеттік, полицейлердің жұмысымен таныстырдық», – дейді Жамбыл станциясы желілік полиция бөлімінің инспекторы Гүлдана Мұсаева. Іс-шара барысында оқушылар көп нәрсені көкейге түйіп, жол ережелерін жетік білуді және көше қозғалысы кезінде абай болуды үйренді.