Тәтті түбір өнімінен пайда мол

Жамбыл өңірінде жыл санап қант қызылшасының өнімі артып, табыстың қайнар көзіне айналуда. Өңірде қант қызылшасын қабылдайтын екі зауыт бар. Оның бірі Тараз қаласында болса, екіншісі Меркі ауданында орналасқан. Қант қызылшасының биылғы қарқыны қалай? Меркі ауданына арнайы барғандықтан, өңірдегі іргелі шаруашылықтың бірі «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныстырып өтейік.

Серіктестік басшысы Қанат Шайхиевты да алқап басынан жолықтырдық. Әуелі серіктестік 1 гектар жерден 250 центнер тәтті түбір алуды мақсат етіпті. Уақыт өте келе, бәсекелестікті арттыруға ден қойған шаруашылық мұнымен тоқтамайды.

– Кейін білгенімдей, көрші қырғыз ағайындар 1 гектар жерден 800 центнер қант қызылшасының өнімін алады екен. Тағы бірде алғаш рет мемлекеттік делегация құрамында Қытай мемлекетіне барғанымда, олардың да әр гектардан 1000 центнерден өнім алып отырғанын көрдім. Түркия мемлекетінде болғанымда да осы көрсеткішке куә болдым», – дейді Қ.Шайхиев.

Сөйтіп, алқапқа ерте көктемде Германия мен Франция мемлекетінен әкелінген «КВС», «Тиссерин» және «Эйдер» сұрыпты жоғары өнімді тұқымдар себіледі. Сонымен қатар, тәтті түбір өнімін ұлғайтуды көздеп, жұмыс үдерісін толық автоматтандыру мақсатында өткен жылы 30 миллион теңгеге 11 техника сатып алады. Нәтижесінде, «Сыпатай батыр» серіктестігі бір алқаптан 850 центнер өнімге қол жеткізеді. Тұқымды технологиялық дәлдікпен себуді меңгерген шаруашылық төрағасы биыл ешқандай мәселенің жоқ екенін айтты.

– Өткен жылы Францияға барып, олардың мыңдаған гектар жерге қант қызылшасын егетінін көрдім. Оларда қол жұмысы жоқ. Солардан гербицид сатып алдық. Екі агрономы бізге келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Ал бізде кішкене болса да қол жұмысы бар. Жыл басында 30 адамды жұмысқа қабылдағанбыз, сол кісілер әлі де жұмыс істейді», – дейді серіктестік басшысы.

«Сыпатай батыр» серіктестігі биыл 300 гектар жерге қант қызылшасын егіпті. Өнім түсімі жаман болмайды деген үміт бар. Ендігі жоспар биылдыққа 20-25 мың тонна болып отыр екен. Қазірдің өзінде Меркі қант зауытына 20 мың тонна тәтті түбір өткізілген. «Бүгінде шаруалар үшін мемлекет тарапынан қолдау көп. Облыс, аудан басшылары да тиісті көмегін беруде. Мәселен, мен мемлекеттен екі пайызбен 70 миллион теңге алдым. Екі пайыз деген өте арзан. Нәтижесінде, Германия мемлекетінен тәтті түбір жинайтын техника сатып алдық. Бұл техника бір күнде 800 тонна қант қызылшасын тиеп береді. Қуаты 400 гектар жерді қазуға дейін жетеді. Осындай мүмкіндік бар кезде жұмысты жандандыра беру керек. Жалпы, тәтті түбір өнімінен пайда өте мол. Мәселен, бұл мақсатқа 50 миллион теңге салып, 200 миллион теңге алуға болады», деген Қ.Шайхиев келешекте әр гектардың өнімділігін 1100-1200 центнерге дейін жеткізуге болатынын айтады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444