Бірлікүстем мен Ескі-Шу ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттер ашылды

16 желтоқсан — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылған нысандар қатарында Шу ауданына қарасты Бірлікүстем мен Ескі-Шу ауылдық округтерінде ашылған ветеринариялық пункттер бар.

Аталған  қос  ауылда бұған дейін мал мен жануарларға бақылау жүргізетін бірыңғай орын болмаған. Бұл нысандар  ауылдардағы санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай келетін, алғашқы типтік нысан болып отыр. Қашанда «Мал-жан аман ба?» — деп, жанынан бұрын малының саулығын сұрайтын халықтың төрт түлігінің қамын ойлауды бүгінде де ұмытқан жоқ. Ветеринариялық пункттер ашу мақсатында Ескі-Шу ауылдық округінен тұрғын үй сатып алынып, аудан әкімдігінің «Ветеринариялық қызметі» коммуналдық мекемесінің теңгеріміне берілген. Ал, Бірлікүстем ауылдық округінен тұрғын үй ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес ашық конкурс өткізу арқылы сатып алынды. Ветеринариялық пункттерде мал дәрігерлеріне барлық жағдай жасалған. Кабинеттер заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда түрлі екпе препараттарын сақтау орны, сараптамаларды сақтау құрылғылары бар. Сол секілді ғимараттың сыртында мал емдеуге арналған алаңша да қарастырылған. Осылайша, бұдан былай ауыл тұрғындары ветеринариялық қызметтің барлық түрін бір орыннан ала алатын болады. Ауылды төрт түліксіз елестету мүмкін емес. Енді оларға бес мал дәрігері қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде мал мен жануарлардың уақытылы екпе алып, аты жаман аурулардан сақтануына мүмкіндік бермек. Қазіргі күні Бірлікүстем ауылында 1439 жылқы, 1885 мүйізді ірі қара малы, 32 мың уақ мал бар болса, Белбасар ауылында 17 мың уақ мал, 1700 мүйізді ірі қара малы, 550 жылқы бар. Нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Ә.Ә.Балқыбеков, аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Б.Ниязбеков, аталмыш округтердің әкімдері мен тұрғындары қатысты. Бірлікүстем ауылдық округінде ақсақалдар алқасының төрағасы Құрманқұл Шолпанқұлов пен оның мүшесі Батырай Бектаев, Ескішу ауылдық округінде ауылдықақсақалдар алқасының төрағасы Кеңесбек Дуанбаев пен еңбек ардагері Қартайған Баялбеков сөз сөйлеп, нысандардың лентасын салтанатты түрде қиды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444