Татуластыру орталығы ашылды

Сот жүйесіндегі жаңа бастама жүзеге асты. Жақында облыс бойынша ауданымызда алғаш болып ҚР Жоғарғы соты қолға алған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы облыстық соттың бастамасымен, аудан әкімдігі мен сотының қолдауымен татуласу рәсімдерін кеңінен қолдану мақсатында «Татуластыру орталығы» болып ашылды. «Тату елге – тоқшылық нәсіп» – дегендей «Қоғамдық келісім» ғимаратынан кабинет бұйыр-
ған орталық, араздасқанды татуластырып, ұрысқанға ұлағатты жол көрсетпек. Бұл соттың жұмысын жеңілдетіп, ренжіскендерді ретін тауып татуластыратын жоба. Жаңа орталық азаматтар үшін медиатордың, адвокаттың, сот атқарушысының, нотариустардың, педагог пен психологтың, ақсақалдар кеңесі мен құқық қорғау органдарының қызметі бір арнаға тоғысқан бірегей алаң. Тұңғыш рет жүзеге асқан бастаманың басты мақсаты – сот ғимаратынан тыс жерде тараптарды татуластыру, сабырлылыққа шақыру, екі жаққа тиімді шешім қабылдау арқылы дау-жанжалды сотқа жеткізбей шешу. Оқиғаның себеп-салдарын түсіндіру. Ол үшін татуластыру орталығында жоғарыда айтылған қызметкерлердің қатысуымен татуластыру рәсімдерін өткізу,бейтарап атмосферада өз ара келістіріп татуластыру жұмыстарын жүргізу болып табылады. «Отбасын сақтау орталығы» медиация туралы Заңның үстемдігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр. Медиация дегеніміз – делдалдық, татуластыру мақсатымен араластыру. Елбасымыздың жарлығымен 2011 жылы қабылданған бұл заңның аты бөлек болға- нымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған билеріміздің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы. Өткен қыркүйек айының 26-сы күні аудандық соттың төрағасы Д.Тасыбаев осы жобаны жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырған «дөңгелек үстел» кеңесінде айтылған өңіріміздегі еңбек
дауы, құқық бұзушылықпен қатар АХАТ қызметкерлерінен естігенде елең етерлік жай неке бұзылудың жиілегенін хабардар еткен болатынбыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» немесе «Бір күн ұрыс болған үйде қырық күн береке болмайды» деген халық даналығын тілге тиек еткен бірлестік ұжымы бірінші кезекте берекесі қашқан жанұя бірлігін сақтауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ана мен бала құқығы мен жанұя бұзылмауын алға тартып зорлық-зомбылықты болдырмауға басқа да іс-шараларға арқау болмақ. Осылайша түрлі қызмет саласын тоғыстырған «Татуластыру орталығының» ашылу салтанатына облыстық соттың азаматтық істер жөнінде сот алқасының төрағасы Ж.К.Рүстембеков арнайы ат басын бұрып, ауданымыздың ақсақалдар алқасының төрағасы Қамбар ақсақалмен бірге орталықтың ашылу лентасын қиды. Мамандар кабинеттің
ішкі жұмыстарымен танысып, «дөңгелек үстелде» алдағы жоспар туралы әңгіме өрбітіп, ойларын ортаға салды. Әр ауылдық округтерде медиаторлар болуы, олармен бірге ақсақалдар алқасы мүшелері жұмыс істеп дау-дамайға араша болуы айтылды. Сондай-ақ, әңгіме барысында алдағы уақытта билер бірлестігі де құрылатынын естіп қалдық. «Билік айтқан би емес, бітістірген би» дегендей Ұлы қазақ даласы билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған даналар еске түседі. Ел арасында кез келген дауды бітімгершілік жолмен шешіп, халқымыздың ауызбіршілігін, тұтастығын сақтағаны күллі алашқа өнеге болып қалды. Бұл қолға алынған бірегей жоба да қазіргі қоғамда орын алып жатқан даулардың деңгейін төмендетіп, ел арасындағы кикілжіңдер бейбіт жолмен шешілеріне сенім білдіреміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444