Тұтынушы бұрышы: Әрбір сатып алушының заңмен қорғалған құқығы

Қазақстан Республикасында тұтынушылардың құқықтары мемлекет тарапынан заң жүзінде қорғалады. Осы орайда сауда мен қызмет көрсету орындарында тұтынушылардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы талаптар белгіленген. Солардың бірі – тұтынушы бұрыштамасын (немесе «тұтынушы бұрышы») орналастыру міндеті.

Заңда нақты көрсетілгендей, әрбір сауда, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету нысандарында тұтынушы бұрышы болуы тиіс. Бұл талап – тұтынушылардың ақпаратқа қол жеткізу және өз құқықтарын қорғау жолындағы алғашқы қадамдарының бірі.

Тұтынушы бұрышы – тұтынушыға арналған ресми, заңды ақпараттар жинақталған арнайы орын. Онда келесі мәліметтер міндетті түрде орналастырылуы керек:

  • Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының қысқаша мазмұны немесе толық нұсқасы;
  • Ұйым немесе кәсіпкер туралы жалпы мәліметтер (атауы, мекенжайы, байланыс телефондары);
  • Ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің тізбесі мен бағасы;
  • Ұсыныс, шағым және ескертпелер жазуға арналған кітап;
  • Уәкілетті органдардың байланыс деректері (тұтынушылар құқығын қорғау комитеті, жергілікті департамент, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктер мен сотқа дейінгі реттеу ұйымдары және т.б.).

Тұтынушы бұрышы – жай ғана стенд немесе ақпарат ілінген орын емес. Ол – ашықтық пен тұтынушы алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Осы бұрыш арқылы әрбір азамат өз құқықтары туралы біле алады, қажет болған жағдайда жауапты органға шағымдану жолдарын түсінеді.

Сонымен қатар, тұтынушы бұрышының болуы – кәсіпкерлік субъектісінің заңға бағынатынын, тұтынушыға құрметпен қарайтынын білдіреді. Бұл сенімділік пен іскерлік беделді арттырады.

Егер сауда немесе қызмет көрсету орнында тұтынушы бұрышы болмаған жағдайда, бұл заң бұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдануы мүмкін. Сондықтан әрбір кәсіпкер мен заңды тұлға бұл талапты орындауы – міндет әрі жауапкершілік.

Тұтынушы бұрышы – заңмен бекітілген, тұтынушының құқығын қорғауға бағытталған маңызды құрал. Бұл – тек талап қана емес, тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы сенімді қарым-қатынастың, ашықтықтың белгісі. Сондықтан кез келген сауда және қызмет көрсету орны осы талапты орындауға міндетті және ол қоғам үшін де, кәсіпкер үшін де пайдалы.

 

Шымкент қаласы бойынша

Сауда және тұтынушылардың

құқықтарын қорғау департаментінің

бас маманы А.Нұрғали

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444