Жапонияның мәнерлеп сырғанау федерациясы Денис Теннен кешірім сұрады
Жапонияның мәнерлеп сырғанау федерациясы Бостондағы Әлем чемпионаты барысында Олимпиада чемпионаты Юдзуру Ханюмен арада болған жағдай үшін Қазақстанның спортшысы Денис Теннен кешірім сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Бостондағы Әлем чемпионаты кезінде таңғы жаттығудан соң екі спортшы «теке тіресіп» қалды деп ақпарат таратқан болатын. Сол кезде жапон спортшысы Денис Тен оны жарақаттау үшін әдейі соғып кетті деп ойлаған.
Бірақ, Жапонияның мәнерлеп сырғанау федерациясы екі спортшының арасында ешқандай да түсініспеушілік болмағанын айтып, Денис Теннен кешірім сұрады. Сондай-ақ, Денис Тенге қатысты жала жабылды деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Жапонияның мәнерлеп сырғанау федерациясы Денис Тенді жазалауды ешқашан талап еткен емес. Юдзуру Ханю Денис Теннен жеке кешірім сұрады. Тіпті, екеуі қол алысты, ресми хат Қазақстанның конькимен сырғанау федерациясына жолданды», — деп хабарланған Денис Теннің әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларының бірінде.