Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті 15 пайыздық үстеме: баға тұрақтылығы мен халық әл-ауқатының кепілі
Халықтың әл-ауқатын жақсарту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта елімізде бірқатар жүйелі шаралар қолға алынған. Солардың қатарында – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесін енгізу және сақтау механизмі бар.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бекітілген және олардың бағалары мемлекет тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Бүгінгі таңда бұл тізімге 19 атаулы өнім кіреді. Аталған тауарлар – халықтың күнделікті тұтынатын басты азық-түліктері. Сондықтан олардың бағасының негізсіз өсуіне жол берілмеуі аса маңызды.
Шекті сауда үстемесін 15 пайыз деңгейінде белгілеу арқылы мемлекет әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұл шара бірінші кезекте әлеуметтік әлжуаз топтардың азық-түлік қолжетімділігін сақтау үшін қажет. Сонымен қатар, бұл – азық-түлік нарығындағы алыпсатарлық пен бағаның негізсіз өсуіне қарсы тиімді тосқауыл.
Шекті үстеме сақталуын бақылау – жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті мемлекеттік мекемелердің тұрақты міндеті. Сауда субъектілері осы талапты бұлжытпай орындауы тиіс. Бұл – тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік пен әділ сауда қағидаттарының көрінісі.
Мемлекет тарапынан бағаны тұрақтандыру тетіктерімен қатар, сауда желілеріне, өндірушілер мен дистрибьюторларға қолайлы жағдай жасалып отыр. Бұл – бағаны негізсіз өсірмей, табысты қызмет жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар өнімдерді өндірушілер мен жеткізушілер үшін түрлі қолдау құралдары қарастырылған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған 15 пайыздық шекті үстеме тек экономикалық ғана емес, стратегиялық маңызы бар шешім. Себебі баға тұрақтылығы – жалпы ішкі әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Бағаның негізсіз өсуі тек халықтың өмір сүру сапасына кері әсер етіп қоймай, қоғамдық сенімге де нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы мемлекеттік реттеу – әлеуметтік мемлекеттің айқын белгісі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан қабылданған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті үстеме енгізу туралы шешім – уақыт талабынан туындаған, әлеуметтік әділет пен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты әрі тиімді қадам. Бұл – халықтың мүддесін қорғайтын, ел экономикасының тұрақты дамуына жол ашатын маңызды бастама. Сондықтан бұл талапты барша нарық қатысушыларының қатаң ұстануы – ортақ жауапкершілік пен өзара сенімнің көрінісі болмақ.
Шымкент қаласы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаментінің
бас маманы А.Алдаберген