Мал баққанға бітеді
Елбасы Жолдауында: «Қазақстан ет жəне сүт өнімдерін экс порттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс» делінген. Бүгінде ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығы. Қазақтың байтақ даласы ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс болған. Осы орайда қысы-жазы тау етегінде мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан шаруа қожалықтары жетерлік. «Қыстың қамын жазда ойла» деген, жаз бітіп, еңбек науқаны басталысымен қаһарлы қысқа тыңғылықты дайындалу жұмыстары басталатыны белгілі. Қытымыр қыстан шаруалар қиналмай шыға ала ма? Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов қысқы мал азығының дайындығын өз көзімен көру үшін шаруа қожалықтарын аралап, қожайындарымен кездесіп, жұмыс барысымен танысып шықты. Аудан әкімінің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жоспарының бірінші сатысы осы мал шаруашылығына арналған. Осы орайда, мал азығын дайындау, сапалы жем-шөптің берік қорын жасау — басты міндет.
Аудандағы Қарасай шаруа қожалығының қысқа дайындығы көз қуантарлықтай. 1500 бас қазақы қойларының қоралары сайлы, жем-шөптері майлы. Жайылымды жерлері де өте үлкен. Қожалық иесі Қарасай Каримов тек қойларының ғана емес, малшыларының да жұмыс істеуге жағдайын жасап қойған. Жоспар бойынша 135 тонна шөп жинау міндеттелген болатын. Бір қуанарлығы – биыл шөп молдау. Қора-қопсылар да ретке келтірілген. «Қарасай» шаруа қожалығындағы көмекші шопандарға бар жағдай жасалған, уақытылы жалақысын алып отырады.
Қыстау орындарындағы малшы үйлерінің, қашарлар мен баздардың 95% пайызы жаз-күз айларында жөндеуден өткен. Қыстау орындарында малды сумен қамтамасыз етуге отыз тоғыз құдық қазылса, аудан орталығында төрт жем сататын дүкен жұмыс істеуде. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Айзат» ша¬руа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық. Биылғы жылға ауданда дайындалған шөп – 151742, ал жем – 22316 тоннаны құрайды, яғни бұл жем-шөптердің көлемі мал қыстату науқанына жеткілікті. Жайылымдарға барар жолдар да ашық.