Балуан Шолақ ауылында жаңа мешіт бой көтерді
Шу ауданы Балуан Шолақ ауылында жаңа мешіт халық игілігіне берілді. Мешітті өз қаражатына тұрғызған Шу қаласының тұрғыны, жаны жомарт азамат Нұрхан Матышев демеушілік көрсетіп еліне табыстады.
Балуан Шолақ ауылында 1998 жылы ауылдың қадірлі қариясы Назар ақсақал ауыл адамдарының көмегімен сексен жамағатқа шақталған мешіттің кірпішін қалаған. Жиырма жыл бойы сақталған ғибадат үйінің бүгінгі күнге дейін тозығы жеткен. Ал, ауыл әкімі Найман Сұлтанбаев жергілікті жұртшылықтың ізгі тілегін назарға алып, мешіт салдыру ісін қолға алған.
Көп ұзамай ауылдан шыққан қайырымды жан Нұрхан Матышев бұл сауапты істі өз жауапкершілігіне алып, тоғыз метр, екі қабаттан тұратын жаңа мешіт салып беруді жоспарлаған.
Жалпы алғанда сыйымдылығы 360 жамағатқа шақталған. Оның жанында құдайы тамақ, ас, жаназа беру рәсімдерін орындауға арналған үлкен асханасы да бар.
Сонымен қатар, жас жеткіншектердің арабша хат танып, құран оқып үйренуі үшін арнайы медресе де қызмет көрсететін болады. Осындай ауыл азаматтарының армандаған мешіті халық игілігіне берілді.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Досаев, «Асыл арна» телеарнасының негізін салушы, директоры Мұхамеджан Тазабеков, сонымен қатар қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қатысты.
Сондай-ақ, қазақ өнер жұлдыздары мен республикалық айтыскерлердің қатысуымен құттықтауларға ұласты. Жаңа мешіттің лентасын қиып осы мешіттің құрылысына үлесін қосқан Нұрхан Матышовқа ауыл ағайындары ат мінгізіп шапан жапты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері. Ал, қаланың өте жаман орындары – базарлары», – дейді. Мешіт – мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер, хакім Абай айтқандай: «Мешіт — «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын Алланың қадірлі үйі». Ал, мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы. Осы бір күллі мұсылманды төрт қабырғаға сыйдырған Алла үйінің Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылынан бой көтергені көпшілік жамағатты қуантып, алғысқа бөледі.