Мұғалімнің мәртебесін көтеру — келешек ұрпақты тәрбиелеудің негізі
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының білім беру саласының мамандарымен Президент тапсырмаларының орындалуын талқылады. Жиынға ЖОО ректорлары, колледждердің директорлары, жастар мен студенттер ұйымдарының, «Атамекен» ҰКП, бизнес қауымдастықтар, ҮЕҰ және облыстық прокуратура өкілдері қатысты.
Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында білім беру жүйесіне айрықша назар аударатынын айта кеткен жөн. Маңызды мәселелер — мектеп қабырғасынан бастап колледждер мен университеттерге дейін сапалы кадрларды даярлау. Президент білім, ғылым және денсаулық сақтау шығындарын барлық көздерден бес жыл ішінде ЖІӨ-нің 10%-на дейін жеткізуді тапсырды. Қазіргі таңда білім беруге жұмсалған шығындар ЖІӨ-нің 7,3–7,4%-ын құрайды.
Премьер-Министр «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін жоспарланған реформаларды бастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Мұғалімнің мәртебесін көтеру — келешек ұрпақты тәрбиелеудің негізі, өскелең ұрпақ үшін мұғалім үлгі және өнеге болуы тиіс. Бұған қоса университеттерде мұғалімдерді даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет.
Білім беру жүйесінің маңызды мәселелерінің бірі — сапа мен баға арасындағы сәйкессіздік. Осыған байланысты Б. Сағынтаев кездесу қатысушыларын себептерді анықтауға және бірлесіп қажетті шараларды қабылдауға шақырды. ЖОО-лар мен колледждерге қойылатын талаптар — түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету және оқытушылар құрамының тиісті біліктілігінің болуы. Бұл үшін бірқатар шешімдер қабылданды: ЖОО-лардан жұмысқа орналасу көрсеткіштері төмен мамандықтардың лицензиялары қайтарып алынады, әрбір бес жылда оқытушылар біліктілік талаптарына сәйкес емтихан тапсырады. Бұдан өзге, университеттер мен колледждердің техникалық жабдықталуы заманауи талаптарға сәйкес келуі керек екені аталып өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында Жамбыл облысының білім беру саласының өкілдері сөз сөйледі. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры М. Сарыбеков облыста білім беру жүйесін одан әрі дамыту бағыттары арасында заманауи талаптарды және өңір экономикасының қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа мамандықтарды ашу мәселесін атап өтті. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Е. Әмірбекұлы оқытуға жаңа пәнді қосу туралы ұсыныс білдірді. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Е. Саурақов бүгінде Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын орындау аясында іске асырылып жатқан студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Облыстық Білім басқармасының басшысы Р. Тұрмаханбетова өз кезегінде өңірде мектепке дейінгі және орта білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Мектепке дейінгі білім беру бойынша: осы жылдың басынан бері облыста 3357 орынға арналған 35 мекеме, оның ішінде 30 жекеменшік балабақша мен 5 шағын орталық ашылған. Осылайша, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 98% құрайды. Президенттің тапсырмасы бойынша орта білім беру сапасын арттыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесіне 40 білім беру мекемесі көшірілді. 16 мыңға жуық мұғалім еңбекақыларына 30% көлемінде үстеме ақы алады.
Премьер-Министр өңірде білім беру қызметтерінің сапасымен танысу мақсатында жоғары политехникалық колледждің материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді. Жалпы химия зертханасына барды, онда химиялық талдауға арналған жаңа қондырғылар енгізілген. Бұдан өзге, Б. Сағынтаевқа роботты техниканың әзірленген жүйесі таныстырылды. Жамбыл облысы әкімдігінің деректері бойынша техникалық және кәсіптік білім беру саласында 48 ұйым жұмыс істейді, оның 25-і — мемлекеттік. 2018 жылы экономиканың 94 басым саласы бойынша 27 396 студент, оның ішінде 14 657 — мемлекеттік тапсырыс бойынша ТжКБ алуда.