Қазақстанда туылғаныма мақтанамын
Шымкент-Цирк мекемесінің балетмейстері міндетін атқарушы Нулифар Халықбердиева Иззатуллақызы:
— Түркістанда 7 сыныпқа дейін оқыдым. Одан кейін Өзбекстанда хореографиялық жоғары класта оқыдым. 7 жасымнан бастап сахнадамын. Би өнерін кәсіп етіп, кәсіби жолда жүргеніне 22 жыл болды. Көптеген мекемеде жұмыс істедім. Шымкенттегі Қазақстан Халқы Ассамблеясындағы өзбек диаспорасының мүшесімін. Мерекелік іс — шараларға үнемі қатысамын. Биылғы ҚХА-ның 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралардан бәрінен қалыс қалған жоқпын. Циркке 2012 жылы келдім. Алматыға жұмысқа кетейін деп тұрғанымда Шымкентте үлкен іс-шара өтетін болды. Ассамблеяның атынан қатысуым керек болды. Дайындық жасауға циркке келетінмін. Сол кездері цирктің директоры Сұлтан Срайлыов болатын. Сол кісі мені байқап, осында жұмысқа келуге ұсыныс жасады. Содан бері, яғни, 9 жылдан бері осында қызмет атқарудамын.
Қазіргі директор Арман Алиевке де алғысым шексіз. Режиссерлік жұмыс істедім. Маған қолдау білдірді. Жаңа жылдық қойылымдар жасадым. «Наурыз думан», «Маскарад», «Сказка в сказке» атты қойылым жасадық. Екі жұмысты яғни, қоюшы-балетмейстер және қоюшы-режиссер болып жұмыс атқарамын. Цирк өнерін қатты ұнатқандықтан 9 жылдан бері осындамын. Цирктің жанры өте көп. Әр жанрды зерделеп бітем дегенше уақыт зымырап өтіп кетеді. Өзге ұжымдарға қарағанда жас ұжым. Нағыз бір отбасы. Түрлі ұлт өкілдері бар. Татумыз. Циркке келіп «Мәдениет саласының үздігі» деген төсбелгі алдым. Хореграфия мен актерлік шеберлік менің жұмысым. Номердің әдемі шығуы балетмейстерге байланысты. Көрерменге әдемі бере білу де өнер. Кеңес одағында спортшылар, цирк әртістері, хореографтар 25 жылда зейнетке шығатын. Қазір мұны алып тастады. Яғни, спортшылар, цирк қызметкерлері, бишілерге зейнетақы тағайындалмайды.
Білесіздер, оларда өнер көрсету барысында жарақат алу көп болады. Сондықтан бұрын ерте зейнетке шығаратын. Осы мәселені де министрлік көтерсе дұрыс болар еді… Бүгінде ұстаздық жасап жүрмін. Менің де жарақаттарым көп. Соған қарамай жұмыс жасап келемін…
Қазақ халқына, қазақ еліне, Елбасына көп рахмет. Елбасы Қазақстанда барлық ұлтты бір отбасыдай біріктіріп келеді. Тату, бірлікте өмір кешудеміз. Шетелге шыққанда Қазақстанда туылғаныма мақтанамын. Тәжікстаннан, Түркіменстаннан, Ресейден шақыртулар көп болды. Қазақстаннан, Шымкентімнен кете алмайтынымды түсіндім. Ұжымды, осы циркті қимаймын…» дейді.