Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев арнайы іс сапармен Т.Рысқұлов ауданында болды. Ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану салаларына жауап беретін облыс әкімінің орынбасары аудандағы бірнеше шаруа қожалықтарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен, Каменка ауылдық округіне қарасты Қазақ ауылына ат басын бұрып, онда «Береке» шаруа қожалығының атқарып жатқан жұмыстарына баға берді. Одан бөлек Шалқар Төкеев басшылық ететін «Шалқар» шаруа қожалығында болып, қант қызылшасы егілген 80 гектар алқапты аралап шықты. Мұратхан Жүнісәліұлы аудандағы ең ірі жобалардың бірі – «Құлан» агропаркінде де болды. Аталмыш нысан 2017 жылдың 1 желтоқсанында қазақстандық агро сала мамандарына арналған «Қазақстанның болашақ бау-бақша шаруашылығы» халықаралық ғылыми форумы аясында фермерлік кешен ретінде ұсынылған болатын. Бүгінде жоба қабылданып, «1000 гектар алқапқа интенсивті алма бақ» жобасы іске қосылады деп күтілуде. Бұл ауқымды жобаға бірнеше компаниялар серіктестік құрып, жұмысты жандандыруда. Солардың қатарында «СПК Тараз» ЖШС-гі мен «Арно Агро» ЖШС-тері де бар. Қазірдің өзінде 100 гектар жер теліміне шие ағаштары отырғызылды. Келешекте жоба толық қуатымен жұмыс істеген уақытта «Құлан» агропаркінің өнімдері тек Қазақстан аумағында ғана емес, «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік бренді ретінде ТМД мемлекеттерінде де саудаланатыны айтылды. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүрген өндірістік кооперативтері мен шаруа қожалықтарының жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев аудан әкімдігінің мәжіліс залында қорытынды жиналыс өткізіп, ағымдағы жылдың 10 айы бойынша ауыл шаруашылығы индикаторының орындалуына талдау жасады. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев пен оның орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары және ауыл әкімдері қатысқан жиында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығына жауапты басқарма басшылары өз салаларына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, ауданның көрсеткіштеріне тоқталды. Аудан көлеміндегі жетістіктер мен кемшін тұстарымызды жан-жақты талдаған басқарма басшыларының хабарламаларынан соң аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығына жауапты басшыларын және ауыл әкімдерін жеке-жеке тұрғызып, жұмыстың жайын сұраған Мұратхан Жүнісәліұлы жиын соңында бірқатар тапсырмалар берді.