«Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің кездесуі болып өтті
Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында алдыға батыл қадам жасап, Үшінші жаңғыруды бастауға пәрмен берді. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыруға баса маңыз берілді. Яғни ол өз кезегінде агралы саланың қарқынды өсуін және оны тиімді бизнес көзіне айналдырып, тұрақты жұмыс көздерінің ашылуына даңғыл жол ашады. Осы тұста, Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттарды жүзеге асыру барысында «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асып келеді. Таяуда ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелерді көтеру мақсатында «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің кездесуі болып өтті. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы мемлекет қолдауына ие болса да, қолдау табуы тиіс мәселелер баршылық. Атап айтқанда, аудандық әкімдіктер шаруалармен бірлескен жұмыстары көңіл көншітпейді. Жиынға қатысушы фермерлер «бір өзіміз мәселемізді шеше алмаймыз» дейді. Шаруалардың айтуынша, жанар-жағармайдың бағасының тым қымбат болуы, субсидияның қолайсыз ережелері жұмыстарына кедергісін келтіреді. Бұл бір ғана шаруаның ғана мәселесі емес. Нәтижесінде аймақта фермерлер саны бірте-бірте азайып келеді. Сондықтан жиынға қатысушылар асыраушы саланы дамытуды қолға алу үшін ұсыныстарын ортаға тастады. Ауыл шаруашылық техникаларын фермерлер несиеге сатып алатындықтан, оның қайтарымы да қиынға тиіп отыр. Қазақстан фермерлер одағы Жамбыл облысы бойынша филиал төрағасы Жигули Дайрабаев: «Қымбат техникаларды сатып алуда үкімет 50 пайызын жеңілдікпен мойнына алса, ертең шаруалардан мұның барлығының қайтарымы болады» дейді. Сондай-ақ, кездесуде облыстың ауылшаруашылығы саласында биылғы жылы қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы да сөз болды. Бұдан бөлек, ет өнімдерін өңдеудің мәселесі де қаралды. Себебі, облыстағы шаруалар етті өңдеу үшін республиканың өзге аймақтарына жөнелтуге мәжбүр. Ал негізгі кірісті делдалдар алатын көрінеді. Сондықтан облыс атқамінерлері бұл мәселелерді министрлікке ұсынуды көздеп отыр. Өйткені, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізі екені анық.