«Қазақмыс» корпорациясы облысқа бір әлеуметтік нысан салып беруге келісті

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Қазақмыс корпорациясы» басқару кеңесінің бас директоры  Бақтияр Қырықпышев пен «Қазақмыс барлау» серіктестігінің  бас директоры Ғалым Нұржановты қабылдады. Кездесу барысында тараптар бірқатар іскерлік мәселелерді талқыға салды.  «Қазақмыстың»  Шу ауданында орналасқан  Шатыркөл кен орны бар. Бұл кен орны бойынша екі жақты жасалған келісімшарт 2025 жылға дейін жарамды. Айта кетейік, Шатыркөл кен орнынан өткен жылы қоршаған ортаға эмиссия, жерді пайдалану, мүлік және өзге де төлем-салықтары есебінен облыс бюджетіне 183 миллион теңге түскен. Дегенмен, өндіріс базасы  Қарағанды облысындағы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігіне қарайтындықтан, бірқатар түсімдер басқа облыстың қазынасын толтыруда. Шатыркөл мыс кен орны — 1949 жылы ашылған. Кен аумағында каледон, герцин интрузиялары дамыған. Мұндағы басты  минералдар —  халькопирит, молибденит, пирит, магнетит және тағы басқа. Пайдалы құраушылары: мыс және молибден. Кентас жақсы байытылатындықтан, тотыққан кентастан мыс, сульфитті кендерден жекеленген мыс пен молибден концентраттарын алуға болады. Шатыркөл мыс кен орны ірі кен орындарының қатарына жатады. Міне, бұл жер қойнауы Жамбыл өңіріне тиесілі болғандықтан, қазба байлықтардың игілігін облыс жұртшылығы көргенге не жетсін.

Кездесу барысында Бақтияр Әбдірахманұлы  Шатыркөлден келісім шарт бойынша жер қорын пайдалану үшін  жиырма алты гектар жер мәселесін шешіп беруді сұрады. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы корпорация сұранысын қанағаттандыруға қарсы еместігін айтып, бірақ бірқатар талаптардың бар екендігін  жеткізді. Өңір басшысы облыс бюджетін толықтыру — ортақ игілік екенін айта келе, жер қойнауын пайдаланушылардың филиал ретінде облысқа тіркеліп, салық түсімдерін жергілікті қазынаға аудару қажеттігін  айтты.  Ал, ол мүмкін болмаған жағдайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде үлес қосуға шақырды.

Филиал ашудың тиімсіздігін алға тартқан Б.Қырықпышев екінші ұсынысқа қарсы еместігін білдіріп, корпорация қаржысына келер жылы облыстың сексен жылдық мерейтойына тарту ретінде бір әлеуметтік нысан салып беруге келісті. Өңірдің өркендеуі жолындағы бұл қаржылай қолдау алдағы  жылдары да өз жалғасын табады. Ол үшін арнайы меморандумға қол қойылмақ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444