Жамбыл облысында медициналық пунктер пайдалануға берілді
Байзақ ауданында Тұңғыш Президент күніне орай бірнеше медициналық пунктер пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған денсаулық нысандарының құрылысы маусым айында басталып небәрі 2-3 айда салынып біткен.
Медициналық бекеттердің барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Алғаш болып лентасы қиылған тіректің бірі Байзақ ауданындағы Аймантөбе ауылындағы медпункт. Мыңға жуық тұрғыны бар елді-мекеннің тұрғындары ауылдарында уақытылы ем алатын болды.
Мұнда халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар толық қамтылған. Он келушіге арналған бекетте 2 мейірбике жұмыс істейді. Жобаға 29 млн 907 мың теңге жұмсалған. Дәл осындай типтегі су жаңа әлеуметтік нысан Тегістік ауылында да ашылды. Құрылыс құны 26 млн теңгені құраған нысан 5 келушіге арналған.
Сонымен қатар, дәл осындай игілікті іс 80 отбасы бар Жібек жолы ауылында да жүзеге асырылды. Мұндағы медпункте де жүкті әйелдерді есепке алу, балаларға медициналық көмек көрсету және заманауи егу бөлмелері бар. Сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылдық округінде ашылған медициналық тірек те алдыңғы пунктермен бірдей. Жобалық құны – 27 млн теңге. Пайдалануға берліген 4 нысан да бір типте салынған. Мекемелер электрэнергиясымен сонымен қатар газбен жылытылады.
Елбасының халыққа арнаған кезекті жолдауында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» керектігін атап көрсеткен болатын. Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылуы басты назарда. Осыған орай тұңғыш Президент күніне қарсаңында Талас ауданы Сейілбек ауылында медициналық пункт ашылды. Мемлекет басшысы ауыл-аймақтардағы халықтың денсаулығын түзейтін мекемелердің жағдайына бірінші кезекте көңіл бөліп, олардың жайлы да жарық ғимаратпен қамтамасыз етілуіне, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуына және білікті мамандармен толығуына баса көңіл бөлуде. Бұл бағытта ауданда толымды жұмыстар атқарылуда. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде биыл жазда Шақпақата ауылында дәрігерлік амбулатория салынған болатын.
Міне, дәл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында аталған денсаулық сақтау нысаны салтанатты жағдайда ашылып, ел игілігіне берілді. Шақпақата ауылындағы 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысын «АКМ групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Ауыл тұрғындарының көптен күткен көзайым қуанышын бөлісуге аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков және басқалар келді.