Жуық арада  Қазақстан мен Еуропа елдері арасында жаңа әуе рейстері ашылмақ

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша алдағы уақытта Қазақстан мен Еуропа елдері арасында бірнеше әуе рейстері ашылатын көрінеді. Бұл жайлы министр өзінің әлеуметтік парақшасында былай дейді: “Министрлік халықаралық бағыттардағы әуе тасымалын арттыру мақсатындағы жоспарлы жұмысын жалғастырады. Өткен жылы 7 халықаралық бағытта әуе рейстері ашылды. Олар; Астанад-Амстердамға, Алматы- Сиань, Шарм-Эль-Шейх және Тегеран қалаларына, Ақтау-Батуми және Сочи қалаларына, сондай-ақ, Шымкент-Ыстамбұл арасында ашылған әуе рейстері.
Халықаралық бағыттағы сұраныстар жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуімізге байланысты, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуға байланысты Қазақстан мен Еуропа елдері арасында шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп жаңа бағыттар ашу жоспарланып отыр”.

Польшалық «LOT Polish Airlines» әуе компаниясы 2017 жылдың 8 мамырында Астана-Варшава бағытында аптасына 4 рет қатынайтын жаңа әуе рейсін ашуды жоспарласа, 19 маусымнан бастап «FinnAir» әуе компаниясы Астана-Хельсинки бағытында аптасына 2 рет қатынайтын жаңа бағытты іске қоспақ. Одан өзге Астана-Будапешт арасындағы алғашқы әуе қатынасы осы жылдың 1 маусымында ашылады.Сонымен қатар маусым айынан бастап Астана-Бейжің бағытында аптасына 3 рет «Air China» ұшақтары қатынайтын болады.

Қазақстандық әуе компаниялар да халықаралық бағыттар бойынша өз өрісін кеңейтпек. 2017 жылдың маусым айынан бастап «Эйр Астана» Астана-Улан-Батор арасында, «SCAT» әуе компаниясы Астана-Ереван арасында жаңа әуе рейстерін ашады. Бүгінде «Эйр Астана» әуе компаниясы халықаралық бағытта жаңа әуе рейстерін ашу үшін үлкен жұмыстар атқарып жатыр. 2019 жылы аталмыш әуе компаниясының Астана-Сингапур мен Астана-Токио, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йорк бағытында жаңа рейстер ашу жоспарында бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444