САНАЛЫ ҰРПАҚ — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
«Саналы ұрпақ» жобасы аясында «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының «Парасат» колледжінің оқытушы құрамымен және студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жайы сөз болды.
«Біз жастардың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті қалыптастырғымыз келеді. Осы ретте құрылған «Саналы ұрпақ» жобасы университтермен қатар, мектеп, балабақшалармен де тығыз байланыста жұмыс жасайды. Аталған жоба Шымкент қаласындағы білім салаларындағы жемқорлықты төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Осы жолда әр Университеттің, тіпті әр студенттің белсенділігі маңызды» — деді Жани Қамбар.
«Шымкент–адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының айтуынша, студенттік шақта негізгі өмірлік ұстанымдар мен адами құндылықтар қалыптасады. Білімі жоғары, берік өмірлік ұстанымға ие жастар ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетте тұрақтылық таныта алады.
Одан бөлек, ол «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысымен таныстырып, жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, белсенділік танытып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға дайын жастарға Жобалық кеңсенің есігі әрқашан ашық екендігін жеткізді.
Іс-шараға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды әркім өзінен бастау керек – деген ортақ пікірге келді.