ШҚО-ДА КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН ТҰРҒЫНДАР ЖЕР ТЕЛІМДЕРІМЕН ҚАМТЫЛМАҚ
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Үкіметке «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді тарсырған болатын, соған сәйкес ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы № 922 қаулысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламада елдің әрбір азаматына 10 соттық жер бөлу мәселесі қозғалған еді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында республика көлемінде біршама істер атқарылып жатыр. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылуда.
Үржар ауылының кезекте тұрған тұрғындар тегін жер телімдерімен қамтылады. Әрине бұл – Елбасының тапсырмасына сәйкес жасалған «Нұрлы жер» бағдарламасының жемісі. Аталмыш ауылдық округтің әкімі Сайлауғазы Шарықбаев өз сөзінде: «Аудан орталығында 300-ге тарта тұрғын үй салуға өтініш берген адамдар бар. Осы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес тіркелген жандарды тұрғын үймен қамту үшін жер бөліп беру мақсатында нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Қаржы бөлінсе, жаз ортасына дейін жұмыстар толығымен аяқталмақ. Келешекте аудан орталығымызда тағы да заман талабына сай, тұрғындардың барлық қажеттілігін қамтитын тұрғын үйлер бой көтереді деген жоспар бар»- деді.
Бүгінде ауыл шетінде арнайы аумақ бөлініп, мемлекет есебінен инфрақұрылым тарту мәселелері шешіліп жатыр. Техника-экономикалық негіздеме және жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Басты міндет салынатын үйлердің сәулеті бас жоспарға сай болуы тиіс.
Қазір арнайы құрылған комиссия аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірігіп, тұрғындарға бағдарламаның талаптарын түсіндіруде.