«Ақ керуен-2018» салтанатты іс-шарасы өтті
Бүгін Мақтаарал және Жетісай аудандарының ұйымдастыруымен Мырзашөл өңірінде мақта терім науқанына арналған дәстүрлі «Ақ керуен-2018» салтанатты іс-шарасы өтті. Жиында қос ауданның әкімдері арнайы сөз сөйлеп, Мырзашөл өңірінің тұрғындарын жиын-терім науқанымен құттықтады.
Салтанатты іс-шарада мақта қабылдау бекетіне ең бірінші болып келген Мақтаарал ауданына қарасты Иіржар ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Мамақұлов 9 тонна ақ алтын өткізді. Бекеттің жұмысын бақылап, бірнеше таразды арнайы салыстырып тексерген аудан әкімдері өлшем құралының әділдігіне көз жеткізді. Осылайша мақта теру маусымы ресми түрде ашық деп жарияланды.
Жалпы Мақтаарал ауданында 38 593 гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Биыл орташа есеппен гектарынан 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 10 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 80 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды көздеп отыр. Ол үшін 251 терімшілер бригадасы, 40-тан аса комбайн мақта теру науқанына жұмылдырылған.
Мақтаның тезірек ашылуы үшін ауданда қазірдің өзінде 31 мың гектардан астам мақталық алқапқа дефолация шаралары жасалған. «Дробь плюс», «Авгурон экстра», «Коттон», «Реглон-супер» химикаттарының мақта жапырағын түсірудге тиімді әсері байқалуда.
«Көсектерге күн жақсы тиген соң тезірек ашылып жатыр. Көптеген шаруалар дефолиацияның пайдасын білмейді. «Мақта салмақ жоғалтады» деп оны жасаудан қашады. Көк көсектер күзде үсік шалғанда бір-ақ ашылады. Ондай мақтаның сапасы да болмайды» — деді мақтасын жинап жатқан шаруаның бірі Мейірбек Забынбеков.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі