Арыстың минералды суына сұраныс жоғары
Арыс қаласында денсаулыққа өте пайдалы минералды су көзі бар. Бүгінде осы табиғи байлықты елге қолжетімді ету үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. «Арыс минералды су» ЖШС бұрынғы ескі цехты жаңартып, құрылысын биыл аяқтады. Минаралды су шығаратың цехтың жалпы құны 250 млн. теңгені құраған. Жобаның қуаттылығына келсек, мұнда жылына 18 млн. литр су шығаруға болады.
Кәсіпорын директоры Руслан Полатханұлының айтуынша, Арыстың минералды суының денсаулыққа пайдасы зор. Арнайы ыдыстарға мен құтыларға құйылған су Арыс қаласымен қатар Түркістан облысының аудан, қалаларына тасымалданып жатыр. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де шығару жоспарда бар. Кәсіпкер осы жобаны жандандыру үшін «Даму Өндіріс-2» бағдарламасы аясында 20 млн. теңге көлемінде несие алған. Бүгінде мұнда 50 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы — 60 мың теңге. Сонымен қатар, серіктестік меншігіндегі монша да қайта жаңартылыпты. Оған 30 млн. теңге инвестиция салынған. Қазір бұл монша бір мезгілде 80 адамға қызмет көрсетеді.
Арыс қаласына баспасөз турымен барған БАҚ өкілдері Ақдала ауыл округіндегі «Қазына LTD» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. 2012 жылы жұмысын бастаған кәсіпорынға «ҚазАгроҚаржы» арқылы 1,87 млрд. теңге жұмсалған. Сонымен қатар кәсіпкер жеке қаражаты есебінен 330 млн. теңгені айналымға салған. «Қазына LTD» ЖШС-нің мәлімдеуінше, қазір мұнда 870 бас ірі қара бар. Әр сиырдан тәулігіне 21 литр сүт сауылады. Жем-шөп те жеткілікті. Себебі, аталған ЖШС өзіне тиесілі 3 мың гектар жердің 2 мың гектарына бидай, жүгері және жоңышқа егеді. Бүгінде жүзге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында жұмышылардың орташа айлық жалақысы — 70 мың теңге.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі