Бұл бағдарлама бұрынғыдан өзгерек
Ел игілігіне тапсырылатын жаңа индустриялық жобалардың қатары әлі де толығатын болады. Бұлар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа индустрияландырудың екінші «бесжылдығын» жабатын инвестжобалардың бір легіне айналмақ. Ел басшылығы үкіметке «Индустрияландырудың үшінші «бесжылдығының» концепциясын» әзірлеуді жүктеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ол тұжырымдама осы жылдың соңына дейін әзір болады. Жаңа бағдарлама бұрынғыдан өзгерек болады. «Ол өне бойында өнеркәсіпті цифрландыру мен инновациялық құрауыштар бойынша жаңа жаһандық технологиялық үрдіс-трендтерге құрылады. Бұл құжат 2018 жылғы президенттің халыққа жолдауында жария етілген тапсырмаларына сәйкес, енді «цифрлық дәуірдің» өнеркәсібін тұрғызуға бағытталады», – дейді министр. Бұған дейін жүзеге асырылған индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен құтқаруға, оған балама ретінде өңдеу өнеркәсібін өркендетуге бағдарланғаны мәлім. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, индустрияландыру 2017 жыл қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің 5,1%-дық өсімін қамтамасыз етті. Егер оны салаларға тарата қарасақ, металлургияда өндіріс көлемі 5,9%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіру саласында 4,1%-ға, шикі мұнайды өңдеуде 5%-ға, химия өнеркәсібінде 7,2%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 7,3%-ға, машинажасауда 5,6%-ға артқан. Ал фармацевтика саласында өндіріс бір жыл ішінде бірден 41,8%-ға ұлғайып отыр. Бұған Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардың қосып отырған сүбелі үлесі бар. Өйткені фармацевтика соңғы жылдары қарыштап даму үстінде.
Б. Көмекбайұлы