Инвестиция тартылады
Түркістан облысы Жетісай ауданында «Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы» шеңберінде көптеген жобалар жүзеге асырылмақ. Аудандағы межеленген төртінші жоба — «Asi Metall Group LTD» ЖШС-ның «Темірді қайта өңдеу өндірісі». Жобаның құны 100,0 млн теңге, ашылатын жұмыс орны 25 адам, өндірістік қуаттылығы 3000 тонна. Қазіргі таңда аталған кәсіпорынның іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті. Бесінші межеленіп отырған жоба — «МегаГорСтрой» ЖШС-ның «Логистикалық орталықтың құрылысы». Осы мақсатқа кәсіпкер 352,0 млн теңге бөліп, 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ ниетте. Мұнда жылына 3000 тонна өнім жиналып, еліміздің барлық облыстарымен қатар Ресейге де жөнелтуге мүмкіндік туатын болады. Бұл кәсіпорынға қажетті 2 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауданның ауа-райы күн сәулесінен энергия өндіруге өте қолайлы. Осыны ескере отырып, «Компания KADI» ЖШС күн электр станциясының құрылысын бастағалы отыр. Жобаға шамамен 2,5 млрд. теңге бағытталмақ. Мұнда 20 адамға жұмыс орны ашылатын болады. Өндірістік қуаттылығы 4,85 МВт-ты құрайды. Бүгінгі таңда жоба бойынша барлық құжаттамалары дайындалып, Жетісай қаласының маңынан 10,7 гектар жер бөлініп, станцияны жылдың 3-ші тоқсанында іске қосу жоспарлануда. Осы инвестициялық жобалардың іске қосылуы және басқада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың есебінен жыл аяғына дейін өнеркәсіп өнім көлемі 13,7 млрд теңгеге жетіп, жаңадан 380 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпылай айтқанда 5,5 млрд теңгенің негізгі капиталға бағытталған бюджеттік емес инвестициясы тартылады.