Тиімді бизнес
Мақтаарал – қауынның да отаны. Биыл диқандар 12 546,1 гектар жерге бақша дақылдарын ексе, оның ішінде 10 878,9 гектары қауын болып табылады. Сондай-ақ, 1 667,2 гектар жерге қарбыз егілген. Былтыр облысымызда 1 миллион 300 мың тонна бақша өнімдері өндірілсе, соның 600 мың тоннасын іріленген Мақтаарал ауданының диқандары нарыққа жіберген болатын. Оның басым бөлігі экспортқа шығарылды. Қазіргі таңда, «Мырзашөл» қауындары Ресейде, тіпті Шығыс Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде брендке айнала бастады. Бақша өнімдері жергілікті диқандар үшін тиімді бизнес болуда. Бұл ретте Мақтаарал ауданындағы Қазақ мақта шаруашылығы институты «Мырзашөл» қауынының экспортқа жарамды сорттарын шығарып, мақтаралдық қауыншыларға үлкен септігін тигізгенін айта кетуіміз керек. Аграрлы аудан болғандықтан, Мақтааралда шығатын мақтаның басым бөлігі шикізат күйінде экспортталады. Ал, сол мақтадан 800 түрлі дайын өнім жасауға болады екен. Оның ішінде тоқыма кластері бар, медициналық заттар, мақта майы т.б. дайын өнімдер бар. Сондықтан, біз кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыты ретінде дайын өнім жасауды және оны экспортқа шығаруды дамытатын боламыз. Міне, бірнеше күннен кейін облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен және Мақтаарал, Жетісай аудандарының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет «Қауынфест» фестивалін өткізгелі отырмыз. Қауынды экспорттайтын ірі аудандар ретінде бұл жобаны ұйымдастыру бізге бұйырып отыр. Осы үлкен іс-шарада қауыннан жасалатын тағамдардың, өнімдердің түрлері көрсетіліп, жерігілікті кәсіпкерлерге ұсыныстар жасалып, сол арқылы өңірге инвестиция тарту көзделуде. Ол үшін Алматы технологиялық университетінен, Ташкент қаласынан қауын-қарбыздан дайын өнім жасайтын мамандарды, кәсіпкерлерді шақырып жатырмыз.
Э. Өсербекова, «Мақтаарал» газеті