Құнарлы азық дайындайды
Түркістан облысындағы Қазығұрттық шаруалар малға қысы-жазы көп шөп береді. Аграрлар гидропон әдісімен жоңышқа өсіруді қолға алып отыр. Айтуларынша, жасанды жоңышқа жеген малдар ет пен сүтті еселеп береді. Көктем жаңбырсыз болғандықтан күнгейлік шаруалар биыл мал азығынан тапшылық көруі мүмкін. Бұл түйіткілді Қазығұрттағы «Ыбырайым қажы» шаруа қожалығындағылар өздері шешіп отыр. 50 бас ірі қарасын қысы-жазы көк шөппен қамтып келген шаруалар қазір өзге де тұяқтыларын осылай азықтандырады. Абзал Ыбырайымов, шаруа қожалығының директоры: «Бұл азық негізінен қыста беріледі. 700-800 грамм арпадан 6 күнде 7-8 келі жоңышқа алуға болады. 15 сантиметр шөп өседі. Түбінде дәнегі бар. Алдымен мал шөбін жейді сосын дәнегін жейді».Жоңышқа — бұршақ тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік. Құрғақ затқа шаққанда жоңышқада протеин, азотсыз заттар, тіндер, май болады. Құнарлы азықтың малдың иммунитетін көтеруімен қатар, тез ет жинауына да әсері мол. Сондықтан да шаруалар шөптесін өсімдікті қысы-жазы беру керек дейді. Гидропон тәсілін қолға алған қожалық күніне 2 тонна құнарлы азық дайындай алады. Жасанды шөппен азықтанған төрт-түлік өзгелерге қарағанда еселеп ет береді. Ал сиырлардың сүті 7-8 литрге дейін көбейеді. Бұған гидропон әдісімен жоңышқа өсіріп, мал азығының тың тәсілін тапқан шаруалар көз жеткізіп отыр. Тың технологияға қаныққан өңір басшысы мұны арнайы семинарлар ұйымдастырып өзге аудан шаруаларына үйрету қажеттігін тапсырды.
М.Рысбаева