ПАРА АЛУ МЕН ПАРА БЕРУГЕ КӨРІЛЕТІН ЖАЗА ТҮРІ БАСҚАРМА МАМАНДАРЫНА ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Гүлмира Төлегенқызы Түлкібас ауданына сапары барысында аудандық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасына ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Өз кезегінде Г.Төлегенқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістерді, жемқорлықтың орын алу жағдайларын, оның алғышарттарын жою жөнінде жан-жақты түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректерінің туындауына тікелей — пара беру мен алу фактілерінің ықпал ететіндігі атап өтіліп, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы ұсынуы ҚР Қылмыстық кодексі негізінде 3 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға алып келетіндігін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар мен Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, әлеуметтік дертпен күрес жүргізуді әрбір қызметкер өзінен бастау керектігін атап өтті.