МЕКТЕПТЕРДЕ АҚША ЖИНАУ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР
Білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында Гагарин атындағы №34 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімдері мен мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен кездесу өтті.
Кездесуге қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Ж.Қамбар бірнеше рет мектеп директорлары мен ұжымдармен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігіне қарамастан, Агенттіктің 1424 Call-орталығы мен Департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларына ата-аналар мен мұғалімдерден арыз-шағымдар саны жиілегендігінен хабардар етті.
«Азаматтардан келіп түскен шағымдардың басым бөлігінде мектептердегі бітіруші сыныптардың ата-аналарынан мұғалімдерге сыйлыққа, емтихан алушы мұғалімдердің тамақтануына, бітіру кештеріне, сыныпта жөндеу жұмыстарын жүргізуге ақша жинап жатқандығын хабарлауда» — деді Жани Қамбар.
Спикер, қатысушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, ақша жинау мәселелеріне, жемқорлық көріністеріне жол бермеуге шақырып, сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, осы тұрғыдағы кездесу З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің ата-аналарымен де өтті.