ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов Арыс қалалық полиция департаментінің ұжымымен кездесті.
Жиынға полиция басқармасының жеке құрамы қатысты.
Мақсатты кездесудің негізгі мақсаты — тәртіп сақшылары арасында адалдық пен ар тазалығы, туралық пен парасаттылық қағидаларын кеңірек насихаттау арқылы халықпен сындарлы сұхбат құру.
Алқалы жиын барысында сөз алған Ержан Әлиұлы құқық қорғау орган қызметкерлерінің мемлекет алдындағы айрықша жауапкершілігін алға тартып, бүгінгі күні Мемлекет басшысы қол қойған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарын баяндады.
Шара соңында Полиция департаменті басшылығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жеке құрам арасында ағарту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отыратынын жеткізді.