АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов Арыс қаласына жұмыс сапары барысында қала активімен кездесу өткізді.
Жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген басқосуға қала әкімдігінің қызметкерлері мен бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі жаңашылдықтарды баяндаған Ержан Әлиұлы Мемлекет басшысы бекіткен алдағы 5 жыл уақыт аралығын қамтитын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндіріп, мемлекеттік органдар орындауға міндетті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу» бағытының 4 жобасын таныстырды.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністері негізінен кадр мәселесін шешу мен жәрдемақы тағайындауда, жер телімін беру мен мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсауда, сонымен қатар мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында жиі орын алатындығын алға тартып, әкімдік қызметкерлерін мемлекет мүддесі жолында адал қызмет етуге шақырды.