Түркістанда «Арманыңа адал бол!» бірыңғай «Адалдық сағатына» 250 мыңға жуық оқушы қатысты
Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен «9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» күніне орай, «Арманыңа адал бол!» тақырыбында кезекті бірыңғай «Адалдық сағаты» өтті.
Жас ұрпақты ізгілікке жетелейтін ауқымды шара Түркістан облысына қарасты барлық білім ошақтарын, соның ішінде жалпы саны 947 мектеп пен 62 колледжді қамтыды.
«Арманыңа адал бол!» тақырыбы аясында өрбіген дәрістің негізгі мақсаты — ел ертеңінің іргетасын қалайтын жастарды адал, парасатты тұлға болуға тәрбиелеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Жастар қауымын рухани кемелдендіруге бастайтын шараға лектор ретінде Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің басшылығы мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылығы, сондай-ақ облысқа қарасты білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Облыс орталығында орналасқан №31 Абай атындағы жалпы орта мектебінде Департамент басшысының бірінші орынбасары Н.Сәмет, №17 Ататүрік мектеп-гимназиясында Департамент басшысының орынбасары Б.Ұзынжас және №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназисында Департамент басшысының орынбасары Н.Мырзатаев жастарды адалдық қасиетінен азық алуға үндеп, арман-мақсаттарына жету жолында әділдікті биік қоюға шақырды және мемлекет саясатында өскелең ұрпақтың рөлі айрықша маңызға ие екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, білім алушыларға лекторлар тарапынан адалдық – парасаттылықтың ең биік шыңы, әрі адам бойындағы ең асыл қасиет екендігі жіті түсіндірілді.
Айта кетсек, Агенттіктің ұсынысымен 2019 жылдың «1 қыркүйек – Білім күнінде» бастау алған бұл бастама, оқу жылының келесі тоқсанында өз жалғасын табатын болады.