ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ 8 АЙДАҒЫ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша 8 айдың қорытындысын баспасөз жиынында баяндады.
Брифинг барысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық пен ашықтық қағидаттарын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бағытындағы жұмыстар айтылды.
Соңғы 8 айды қорытындылаған Ғабит Өмірәліұлы өз сөзінде жыл басынан бері облыс бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында 870 мыңға жуық адамды қамтыған 1762 түрлі бағытта іс — шаралар өткенін, ал Департаменттің онлайн форматта өткен «Antikor Live» жобасы аясында 456, «Adal Komek» жобасы шеңберінде 675 тікелей эфир ұйымдастырылғанын, соның негізінде аталған эфирлер 700 мыңға жуық қаралым жинағанын баса атап өтті.
Алдын алу жұмысының маңызды құрамдас бөлігі ретінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг екенін назарға алған спикер осы жылы 8 мекеменің қызметінде сыртқы талдау және 9 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілгенін мәлімдеп, мемлекеттік мекемелердің сатып алу мониторингі нәтижесінде 512 млн. теңгеден астам қаржы үнемделгенін жеткізді.
Бұған қоса, талдау нәтижесімен Департаменттің ұсынысы негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 425 бап 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген мекеме басшысына хаттама толтырылып, 230 айлық есептік көрсеткіш (670 910 теңге) көлемінде айыппұл салынғанын және 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын тілге тиек етті.
«Қазақстанның сыбайлас жемқорлықсыз келешегі оның әрбір азаматына тікелей байланысты. Халықтың саулығы жолында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі күні айрықша маңызға ие екендігін ескере отырып, жалпы қоғам болып жемқорлықпен бірлесе күрес жүргізуге шақырамын» — деп Ғабит Жүндібаев баспасөз жиынын қорытындылады.