ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ – ЖАСТАРДЫҢ МІНДЕТІ
Бүгін жарық көрген Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы әрбір қазақстандықтың көкейінде жүрген, мемлекетіміздің тарихи аренадағы орны туралы маңызды сауалдарға нақты жауап береді. Мақалада мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен орын алған қоғамдық-саяси өзгерістер жайлы нақты дәлелдер мен тарихи деректер келтіріліп, салмақты ой қозғалды. 30 жыл тарих беттерінде қас-қағым сәт саналғанымен, егеменді ел ретінде қалыптасу оңай болмағаны сөзсіз. Ата-бабамыздан мұра боп қалған ұлан байтақ жеріміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз бен асқақ рухымыздың арқасында талай шайқастар мен көтерілістерді, ашаршылық пен соғысты бастан кешірсек те сағы сынбаған мықты халық екендігімізді Елбасы мынадай сөздермен тұжырымдайды: «Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған».
Нағыз қазақ үшін туған жерінен артық қасиетті ештеңе жоқ. Халық үшін ел мен жер бөлінбейді. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап шекарамызды ресми бекіту жолында көп күш жұмсалды. Сондықтан бабалардың қанымен келген киелі құндылық – Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, ұлан-байтақ Отанымызды қастерлеп, қорғап кейінгі ұрпаққа аманаттау парызымыз.
Соңғы жылдар әлемдік құрылымдағы елеулі өзгерістерге толы болды. Ең алдымен, COVID-19 коронавирусының жаңа түрінің таралуы экономиканың әлемдік құлдырауына әкелді. Бұл апат біздің елімізді де айналып өтпеді. Алда туындаған қиындықтарды еңсеріп міндеті тұр. Мұндай қиындықтар барлық уақытта болған. Сол қиындықтарды еңсеріп кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің 30 жылдық тарихындағы маңызды сәттер туралы баяндайтын мақаласы болашаққа бағдар болар құнды дүние. Елбасы 30 жылдан бері маңызды мәселелерді қарапайым сөздермен жеткізіп, әрбір қазақстандыққа демеу беріп келуде. Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміздің еліміздің ертеңі болар жастарға үміт артып, зор сенім білдіретініне де әрдайым куә болып келеміз.
Ұлт Көшбасшысының сөздеріне үңіліп, өткенімізге сыни тұрғыдан қарап, кемшіліктерімізді түзетіп, алға қарай сенімді қадамдар жасау үшін мақсаттар мен міндеттерді анықтауымыз керек. Біздің барлық жетістіктеріміз халқымыздың даналығы мен бірлігі, барлық отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асары анық.
Бектаева Жанар Әлібекқызы
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары