АУА ЛАСТАНУЫ ЖОҒАРЫ 10 АЙМАҚҚА АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН БЕКЕТТЕР ОРНАТЫЛАДЫ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев және «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның директоры Ғани Қарабековтің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ахмет Өтегенұлы басқарма тарапынан осы жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар бойынша мәлімдеді.

– Басқармаға 2021 жылдың үш айында қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін 169 өтінім қабылданып, оның 140-ы бойынша рұқсат берілді. Сондай-ақ жеті қоғамдық тыңдау өткізілді. Ал қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 976 гектар жер учаскесіне 90 000 дана ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар қала аумағындағы мемлекеттік мекемелерге 17 мың ағаш көшеті тегін таратылды. Одан бөлек, осы жылы үшінші мегаполистегі ауаның ластануы жоғары 10 аймаққа автоматтандырылған бекеттер (датчиктер) орнату қарастырылып отыр, – деді А.Татыбаев.

Басқарма басшысының сөзінше, қалада атмосфера ластануының негізгі көзі жылыту жүйелерінің жұмысы толық жолға қойылған. Яғни, жақында өнімділігі сағатына 250 000 м3 болатын 3-ші автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы аяқталмақ. Сонымен қатар қалада газ отынымен жүретін жаңа автобустар көбейген. Ал автомобиль газ толтыру компрессорлық бекетінің құрылыс жұмыстары аяқталған соң, аталған қоғамдық көліктердің саны едәуір арта түспек.

Брифинг барысында спикер қатты тұрмыстық қалдықтардың мәселесіне тоқталды.

– Шымкентте «Ақтас-1» қалдықтарды сұрыптау зауытында күнделікті 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдық қабылданады. Бұл нысан бүгінде жыл сайын түзілетін, кәдеге жаратылатын және өңделетін қалдықтардың көлемін арттыру мақсатында қайта өңдеу жұмыстарын қолға алуда. Мәселен, өткен жылы қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші 25,1 пайызды құраса, биыл оны 27 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Оған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселесі бойынша «Ақтас-1» қоқыс полигоны аумағынан 20 гектар жер телімі қарастырылуда, – деді ол.

Осы орайда Ғани Ажединұлы «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында» тал егуді бір жүйеге қою жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бұл өзгерістер экологиялық эксперттік мамандармен бірлесе жүзеге асып отыр.

Айта кетейік, аталған саябақта 406 түрлі ағаш-бұта өседі. Бұл ретте гендік қорын көбейту мақсатында көлемі 1,5 гектар тұқымбақ пен көлемі 0,03 гектарды құрайтын жылыжайда 108 түрлі ағаш-бұтаны тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – Ернар Мамыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *