ШЫМКЕНТ: ЭТНОС ЖАСТАРЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУДІ АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫ САНАЙДЫ
Шымкент қаласында этнос жастары Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арнап «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» тақырыбында өткен жиында бас қосып, мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамыту жайында пікір алмасты.
Қалалық этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының жетекшілері, оқу орындарындағы «Достық» клубтары мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы штабының мүшелері қатысқан жиынды қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов жүргізді.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Роман Писменский, Халықтар Достығы университетінің студенті Шохсина Мелибаева, №6506 әскери бөлімінің жауынгері Артур Гошко, №107 мектеп-лицейдің мұғалімі Динара Абдумажитова, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жанындағы медицина колледжінің студенті Негима Шукир, М.Өтебаев атындағы жоғары технологиялар колледжінің студенті Елизавета Турпак сөз сөйлеп, қазақ тілінің қазіргі ахуалы және оны жастар арасында насихаттау туралы ойларын білдірді.
№92 жалпы орта мектебінің оқушысы Умар Рахимшиков домбырамен күй орындап, қазақтың ұлттық өнерін жетік меңгергенін көрсетсе, тіл жанашыры, қалалық соттың бөлім басшысы Қабыл Дүйсенби этнос жастарының мемлекеттік тіл туралы бастамасына қолдау танытты.
«Қазақ халқына деген құрмет оның тілін құрметтеуден бастау алады», деген жастар өз замандастарын мемлекеттік тілді оқып-үйренуге шақырып, сол арқылы биік белестерді бағындыруға болатынын айтты.
Жиын соңында шымкенттік жастар бірге қазақ тілінде патриоттық ән орындап, Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени орталықтарынанан бастау алған «Ұлы даланың ұлы тілі» челенжін Түркістан облысы ҚХА өкілдеріне жолдады.