«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АЙНАЛАСЫНА ТОПТАСУ –ЫРЫСЫМЫЗДЫ АРТТЫРАДЫ»

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында және этносаралық татулықты қалыптастыру мақсатында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында құрылған ақпараттық-насихаттық топтың қала тұрғындарымен кездесулері өтіп жатыр. Құрамына ассамблея мүшелері, жергілікті әкімдіктің және зиялы қауым өкілдері, ардагерлер енген топ қаладағы этнос өкілдері көп шоғырланған «Сайрам», «Маятас» тұрғын алаптары мен «Ынтымақ», «Қызылжар» шағынаудандарының тұрғындарымен жүздесті.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бастаған топ мүшелері тұрғындарға бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыруда қазақ халқының айналасына топтасудың маңыздылығын кеңінен сөз етті.
Кездесуде Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов халқымыздың бірлігін нығайта түсуде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасының рөлі зор екеніне тоқталды.
— «Қазақтану» жобасы арқылы қазақстандықтар қазақ халқының тарихын терең танып, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен жіті танысады. Қазақтың ұлттық құндылықтары негізінде ел бірлігін одан әрі нығайтып, елдегі тұрақтылықты сақтаймыз, — деді Икрам Хашимжанов.
Ал, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латифша Асанов мемлекеттік тілді ұлтаралық тілге айналдыру ынтымағымызды арттыра түсетінін жеткізді.
— Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіруші фактор. Сондықтан, оны білу бәрімізге міндет. Әлемде қазақ халқындай жүрегі кең, көңілі дархан ұлт жоқ деп санаймын. Қиын-қыстау кезеңде барша этностарды құшағына алып, бауырына басты. Өз басындағы қиындығына қарамай, нанын бөліп берді. Ендеше, Қазақтың нанын жеген адам тілін де білуі тиіс, — Латифша Асанов.
Кездесулерде сөз сөйлеген Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов және қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Дінмұхамед Ескендіров, қалалық татар-башқұр этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухамедова сынды топ мүшелері қазір Қазақстан халқының алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтіп, көпшілікті бірлігі бекем елге айналуда қазақ халқының айналасына ұйыса түсуге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444